Түркістан облысында жолда жарысқан 6 көлік жүргізушісі жазаланды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Түркістан облысында жолды жарыс алаңына айналдырған 6 жүргізуші жазаға тартылды, деп хабарлайды Kursiv.media.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полицейлер жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневр жасап, айналасындағылардың өміріне қатер төндіргені көрінетін бейнежазбаны анықтады.

«Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, құқық бұзушылыққа қатысы бар 6 жүргізушіні анықтады. Олар 18 бен 32 жас аралығындағы азаматтар болып шықты. Тексеру барысында кейбір автокөліктерге заңсыз құрылғылар орнатылғаны, ал бірқатар жүргізушінің мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік басқарғаны белгілі болды», – делінген ақпаратта.

Полицияның хабарлауынша, аталған іс бойынша 14 әкімшілік хаттама толтырылып, заңсыз орнатылған стробоскоптар тәркіленді. Автокөліктер айыптұраққа қойылды.

Айта кететін жайт, адвокат Мейірман Шекеев Алматыдағы әл-Фарабидегі апатқа көлік жарысы себеп болған деп пікір білдірген еді.

Сондай-ақ оқыңыз