
Танымал тележүргізуші Динара Сәтжан екі айдан кейін ұлының отбасын бөлек шығарып, зәулім үйде қоныстой жасады, деп жазады Kursiv.Media.
«Үйлену тойынан кейін балаларымыз екі ай бойы бізбен бірге тұрды. Осы уақыт ішінде Айнұр біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді көріп, үйіміздің жылуын сезініп, қонақ күту дәстүрімізбен танысып, көп нәрсені үйреніп үлгерді. Ал бүгін алғаш рет өз қонақтарын өзі қарсы алып, өз шаңырағының иесі ретінде қадам жасады. Әрине, жанында әдеттегідей біздің анамыз өзінің мейірімімен, даналығымен, алтын қолымен көмектесіп жүр», – деп жазды Динара Сәтжан.
Оның құдағиы қыздың жасауын жаңа үйге әкелген. Динара Сәтжан оны терең мағынаға, ізгі ниет пен ақ тілекке толы әдемі дәстүрлерінің бірі екенін айтты.
«Енді балалардың өз жолы басталды. Өз шаңырағы, өз жаңалықтары, өз қуаныштары мен өз тәжірибелері болады. Балаларыңның есейіп, өз бетінше өмір сүріп, өз жолын таба бастағанын көру – әйел адам үшін үлкен бақыт екен. Ең бастысы, олардың өз өмірін бастағанын қабылдай отырып, өз өміріңді де ұмытпау.Өз қуанышыңмен өмір сүру, әр сәттің қадірін білу. Өйткені әр жастың өз әдемілігі бар. Әр кезеңнің өз бақыты бар», – дейді Динара Сәтжан.
Еске салсақ, Динара Сәтжанның Даниал есімді ұлы Айнұр есімді бойжеткенмен тамызда бас қосқан еді.