Орал әкімінің орынбасарына 648 мың теңге айыппұл салынды

Орал әкімінің орынбасары бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Шенеунікке 648 мың теңге көлемінде айыппұл белгіленді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы ақпаратына сүйенсек, Орал қалалық прокуратурасы жергілікті атқарушы органның қызметіне талдау жүргізу барысында заңбұзушылықтарды анықтады.
«Орал қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жобалау ұйымдарымен жобалау-сметалық құжаттаманы өтеусіз әзірлеу, кейіннен бұл жобаларды бюджет қаражаты есебінен іске асыру туралы меморандумдар жасасқаны белгілі болды. Бұл әрекеттер бәсекелестікке қарсы сипатқа ие болған», – деп хабарлады қадағалау органы.
Заңбұзушылықтар үшін Орал әкімінің орынбасары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 163-бабының 1-бөлігі («Мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттері (әрекетсіздігі)») бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Оған 648 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Облыстық прокуратура өкілдері бұл айыппұлдың толық көлемде өндірілгенін мәлімдеді.