Қазақстанда «Балқаш» АЭС құрылысы 2027 жылы басталады

Қазақстанда «Балқаш» атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар екінші «Мойынқұм» АЭС-і салынатын аумақ белгіленді, деп хабарлайды KursivMedia.
Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, «Балқаш» АЭС алаңында инженерлік-ізденіс жұмыстары аяқталып қалды. Өткен жылы жобаны қаржыландыру мен іске асырудың негізгі шарттары туралы үкіметаралық келісім бекітіліп, EPC-келісімшарты жасалған. Ал екінші «Мойынқұм» АЭС-ін Алматы облысының Жамбыл ауданында салу жоспарланып отыр.
«2027 жылы «Балқаш» АЭС алаңында құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр», – деді агенттік басшысы.
Атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы шеңберінде кемінде 150 мың тонна уранды стратегиялық резервке қою көзделген. Ендігі жерде уран шикізаты болашақ АЭС-тердің қажеттілігін қамтамасыз ететін негізгі ресурс ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар, алғашқы станция құрылысы кезінде отандық өнімдер мен қызметтердің үлесі (локализация) 30% деңгейінде белгіленді. Ол үшін нормативтік базаны жетілдіру және отандық кәсіпорындарды тартып, өндірісті жаңғырту жоспарланған.
Агенттік есептеуінше, екі энергоблокты бір АЭС құрылысының қызған шағында 10 мыңнан астам жұмысшы, ал оны пайдалану кезеңінде 1,8 мыңға жуық маман қажет болады. Осыған орай 2027–2031 жылдарға арналған кадр даярлаудың кешенді жоспары бекітілген.
Сонымен бірге, Курчатов ғылым қалашығын дамыту, ВВР-К зерттеу реакторына жаңа ядролық отын сатып алу және Бельгияның Cyclone-18/9 циклотрондық қондырғысын іске қосу көзделіп отыр. Бұл онкологиялық ауруларды емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстандағы үшінші атом электр станциясына «Болашақ» атауын беру ұсынылған еді. Елдегі бірінші АЭС-тің атауы – «Балқаш». Екінші «Мойынқұм» атом электр станциясы да Балқаш көлі маңында салынады.