Шымкентте 22 жастағы жігіт биіктен құлап қайтыс болды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
полиция
Шымкентте 22 жастағы жігіт биіктен құлап қайтыс болды / Фото: ІІМ

Шымкентте көпқабатты тұрғын үй кешенінің ауласынан 22 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Полиция қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды KursivMedia.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Хабарламада трагедия Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысында болғаны айтылған. Кадрлардан полиция қызметкерлерінің келгенін көруге болады.

Қалалық полиция департаменті 1 қарашада «Биік» тұрғын үй кешенінде 22 жастағы азаматтың биіктен құлап, қаза тапқанын растады.

«Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ведомство.

Айта кетейік, осыған дейін Қостанай облысының Рудный қаласында әйел бесінші қабаттағы терезеден құлап, үйге жапсарлас орналасқан дәмхананың шатырына түскен еді.

Сондай-ақ оқыңыз