Жамбыл облысында құрдасымен жанжалдасқан оқушы ауруханаға түсті

Жамбыл облысында тоғызыншы сынып оқушысы құрдасымен керісіп қалғаннан кейін жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды KursivMedia.
Halyqstan Telegram-арнасының мәліметінше, оқиға Жамбыл ауданындағы Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Жасөспірімнің туыстары оны кездесуге кешіккені үшін соққыға жығып, салдарынан реанимациядан бір-ақ шыққанын айтуда.
Олардың сөзінше, ауыл жастары арасында бейресми иерархия қалыптасқан: жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптардан ақша бопсалап, әртүрлі тапсырмаларды орындауға мәжбүрлейді, ал талапты орындамағандар мен кешіккендерге күш қолданады.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Алдын ала мәлімет бойынша бұрыннан таныс екі кәмелетке толмаған жасөспірім арасында жанжал туындаған. Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, полицияға жеткізілді», – делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары бопсалау фактілері төңірегіндегі ақпараттың да тексеріліп жатқанын жеткізді. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.