Ердоған Қазақстан аспанынан ұшып бара жатып, Тоқаевқа сәлем жолдады

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Оңтүстік Кореяға сапары кезінде Қазақстанның әуе кеңістігінен ұшып бара жатып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ыстық ықыласты жеделхат жолдады, деп хабарлайды KursivMedia.
Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың хабарлауынша, түрік басшысы өз жеделхатында екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынас пен жоғары деңгейдегі кездесулерді ерекше атап өтті.
«Корея Республикасына ресми сапармен бара жатып, тарихи атажұртымыз – достық әрі бауырлас Қазақстанның аумағынан ұшып бара жатырмын. Осы жылдың мамыр айында Қазақстанға жасаған сапарымның және таяуда сіздің Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитіне қатысу үшін Анкараға барған сапарыңыздың сәтті нәтижелері мен жылы естеліктері әлі де жадымызда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сізге зор денсаулық, бақыт, ал бауырлас Қазақстан халқына одан әрі гүлдену мен амандық тілеймін», – деп жазды Түркия президенті.
Өз кезегінде Тоқаев Ердоғанға X әлеуметтік желісінде жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ердоғанның мамырдағы мемлекеттік сапары мен өзінің Анкараға жасаған сапары екі ел арасындағы тығыз байланыстарды дәлелдегенін атап өтті.
«Президент Ердоғанға Қазақстан халқына арнаған ізгі тілектері үшін және Анкараға сапарымыз кезінде делегациямызға көрсеткен қонақжайлылығы үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деп жазды Тоқаев.
Сондай-ақ, Қазақстан президенті екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
«Екі ел арасындағы достық пен стратегиялық серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенімдімін», – деп атап өтті Тоқаев.
Айта кетейік, президент Тоқаев 28-30 қараша аралығында Анкараға ресми сапармен барған еді.