Атырау-Самара құбыры арқылы қайта мұнай айдала бастады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
"Достық" мұнай құбыры Дружба
фото: REUTERS

«Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбыры арқылы қайта мұнай айдала бастады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады деп жазады Kursiv Media.

«2026 жылғы 3 қарашадағы жағдай бойынша «Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау штаттық режимде жүзеге асырылуда. Техникалық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнай айдау қайта қалпына келтірілді», – деп жазылған хабарламада.

Еске сала кетейік, 2 қараша күні таңертең Ресей аумағындағы Самара торабы нысандарына дрондар шабуылдағаннан кейін мұнай қабылдау уақытша тоқтатылған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Атырау – Самара құбыры Қазақстандағы мұнай кен орындарын Ресейдің мұнай тасымалдау жүйесімен байланыстырады. Бұл бағыт арқылы қазақстандық мұнай одан әрі экспортталады. Құбырдың жалпы ұзындығы шамамен 1 380 шақырымды құрайды.

Дрондар шабуылы елдің мұнай экспортына бұған дейін де бірнеше рет зиянын тигізген. 2026 жылы қыста Новороссийск маңында мұнай тиеген екі танкерге шабуыл жасалған. Биыл жазда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалындағы танкерге дрон шабуыл жасап, мұнай тиеу жұмыстары қайтадан уақытша тоқтатылған.

Құбыр жұмысының тоқтауы салдарынан Қазақстан мұнай өндірісін азайтты. Сарапшылар сол кезде бюджет пен Ұлттық қорға ақша шетелге сатылған мұнай есебінен түсетіндіктен, бұл жағдай Қазақстан үшін тиімсіз екенін айтқан.

Шабуылдар жиіліген соң ақпанда Дональд Трамп бастаған АҚШ әкімшілігі Украина тарапына ресми наразылық білдірген. Олар Киевке соғыс кезіндегі шабуылда АҚШ экономикасына тікелей зиян келтіретін стратегиялық нысандарды айналып өтуді ескерткен еді.

Ақ үйдің бірнеше ескертуінен кейін жазда Украина АҚШ-қа Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына шабуылдамауға уәде берді. Bloomberg мәліметінше, Киев Қара теңіздегі КҚК нысандарын, Новороссийск түбіндегі терминалға бара жатқан ресейлік емес танкерлерді атқыламауға міндетті болады.

Сондай-ақ оқыңыз