15 адамнан 21 млн теңге алған: Астанада жиһаз жасайтын еркек сотталып кетті

Астанада Instagram арқылы жөндеу және жиһаз жасау қызметін ұсынған ер адам алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Ол 15 азаматтан алдын ала төлем алып, уәдесін орындамаған. Жалпы шығын 21 млн теңгеден асқан, деп жазады Kursiv.Media.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, ер адам әлеуметтік желіде тартпалы төбелерді орнату, жиһаз жасау және сату туралы жарнама жариялаған. Кейін тапсырыс берушілермен келісімшарт жасасып, ақшаны қолма-қол немесе банк арқылы алған.
Алайда қаражатты алғаннан кейін клиенттермен байланысын үзіп отырған. Осылайша, 15 азаматтың ақшасын иемденген.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Нәтижесінде оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы талаптары қанағаттандырылды.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Тағы да оқыңыз: 7 млн теңгеге жуық алимент берешек болған әйелге сот шешімі шықты