Алматыдағы тасымалдаушы компаниялар әкімдіктен қарызын төлеуді сұрап отыр

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
В Алматы задержали троих участников драки в автобусе
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда әкімдік пен қаладағы жеке тасымалдаушы компаниялар арасында дау туды. Тасымалдаушылар әкімдікке арнайы хат жіберіп, тиесілі субсидияны төлемесе, қаладағы автобустар санын азайтатынын ескертті деп жазады Kursiv Media. Тасымалдаушылар хатын Іnformburo басылымы жариялады.

Тасымалдаушы компаниялардың талабы

Желіде Алматыда «Жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындар қауымдастығы» атынан Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының атына жазылған хат жарияланды. Хат биыл 21 қарашада жазылған. Ресми құжатта қауымдастық өкілдері субсидия уақытылы төленбей, кешіктіріліп жатқанын айтады. Ол өз кезегінде тасымалдаушылардың кәсібіне, шығындарының уақытылы төленуіне зардабын тигізген. Кей ақпаратқа сүйенсек, әкімдіктің қауымдастық алдындағы қарызы 15 млрд теңгеге жеткен. Бірақ бұл ақпарат нақтыланбаған.

«Тасымалдаушылардың жолаушылар тасымалын толық көлемде әрі қарай қамтамасыз етуге қаржылық мүмкіндігі айтарлықтай шектеліп отыр. Қарыздардың өтелмеуі жанармай, қосалқы бөлшектер мен басқа да қажетті ресурстар жеткізілімінің тоқтау қаупін тудырады. Бұл автобустарды бекітілген жоспарға сәйкес желіге шығаруға тікелей әсер етеді. Сонымен қатар тасымалдаушылар қызметкерлердің жалақысын төлеу, жылжымалы құрамды күтіп ұстау және жөндеу, жанармай сатып алу, сондай-ақ өзге де міндеттемелерді орындау бойынша күнделікті шығындарын көтеруді жалғастырып келеді», – деп жазылған хатта.

Қауымдастық хаты / фото: тредстегі k_s_m9999 қолданушыдан

Тасымалдаушылар берешек өтелмеген жағдайда 2 қарашадан бастап қалалық және қала маңындағы бағыттарға шығарылатын автобустар санын бекітілген жоспардың 30%-ына дейін қысқартуға мәжбүр болатынын ескертті.

Олардың айтуынша, субсидия төлемдерінің жүйелі түрде кешіктірілуі және кредиторлық берешектің ұдайы өсуі автокөлік кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіріп отыр. Осы жағдайдың алдын алу үшін қауымдастық әкімдіктен 31 қазанға дейін берешекті толық өтеуді сұраған. Хатқа 23 жеке тасымалдаушы компания өкілдері қол қойды.

Әкімдік жауабы

Алматы әкімдігі KursivMedia–ға жолдаған жауабында жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы субсидияның қалған бөлігін төлеуден бас тартпайтынын мәлімдеді. Ведомство 2026 жылдың басынан бастап қаражатты ұтымды пайдалану мақсатында субсидиялау көлемі кезең-кезеңімен оңтайландырылып келетінін атап өтіп, мәселені қалалық бюджетті талқылаудың кезекті отырысында қарайтынын ескерткен.

«Атап айтқанда, жолаушылар ағынын ескере отырып, жекелеген автобус бағыттарының қозғалыс кестелеріне түзетулер енгізілді. Жыл бойы субсидиялау бойынша есеп айырысулар бұрын қолданыста болған және түзетілген қаржыландыру көлемдерін ескере отырып жүргізілді. Сонымен қатар, маршруттық желіге, автобустардың толымдылығына және жолаушылардың нақты ағынына талдау жүргізілуде. Сондай-ақ жолақы төлемінің деңгейін арттыру және жолаушыларды есепке алу дәлдігін қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай бақылау-сызықтық қызметті енгізу жұмыстары қолға алынған. Бұл ретте тасымалдаушыларға бекітілген жоспарларға сәйкес автобустардың маршруттарға толық шығуын қамтамасыз ету қажеттігі туралы хабарламалар жолданды», – деп жазылған хабарламада.

Әкімдік қабылданып жатқан шаралар қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен сапасын сақтай отырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталғанын атап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз