Ақтөбеде неке сарайындағы адам өлімінен кейін күдікті ұсталды

Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы әйел пышақ жарақатынан көз жұмды. Адам өлтірді деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға алдында марқұм мен оның бұрынғы азаматтық күйеуі арасында жанжал шыққан. Бірнеше баланың анасы Неке сарайына қазіргі сүйіктісімен бірге келген. Жаңа қарым-қатынас арадағы керіске себеп болуы мүмкін деген болжам бар.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Дереу түрде күдікті анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын, сондай-ақ, жасалған қылмыстың себептері мен сарындарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Әсет Қалиев.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің өлімінен кейін төрт полиция қызметкері ұсталған еді.