Жұмысқа кешіккен қызметкерге айыппұл салу заңды ма

Жарияланды 4 Қараша 2026 09:49

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда жұмыс беруші қызметкерінің жұмысқа кешіккені, қателік жібергені немесе еңбек тәртібін бұзғаны үшін өз бетінше ақшалай айыппұл белгілей алмайды. Сондай-ақ мұндай айыппұлды қызметкердің жалақысынан ұстап қалуға құқығы жоқ. Еңбек кодексінде тәртіп бұзғаны үшін қолданылатын жаза түрлері нақты көрсетілген. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді.

Жұмыс беруші қандай жаза қолдана алады?

Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге мынадай тәртіптік жаза қолдана алады:

  • ескерту;
  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс;
  • заңда көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.

Бұдан басқа тәртіптік жаза түрлерін енгізуге жұмыс берушінің құқығы жоқ. Мәселен, қызметкер жұмысқа 20 минут кешігіп келсе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды. Егер бұған заңды негіз болса, жұмыс беруші белгіленген тәртіпті сақтай отырып, заңда көзделген тәртіптік жазаның бірін қолдана алады.

Алайда тәртіптік жаза да белгілі бір тәртіппен рәсімделуі керек. Алдымен жұмыс беруші қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Оны беруге екі жұмыс күні беріледі. Егер қызметкер түсініктеме бермесе, бұл туралы акт жасалады.

Кешіккен уақыт үшін жалақы қысқаруы мүмкін бе?

Еңбек кодексіне сәйкес, жалақы нақты жұмыс істеген уақытқа қарай есептеледі. Сондықтан қызметкер 20 минут кешіксе, сол уақыт үшін ақы есептелмеуі мүмкін.

Алайда бұл – айыппұл емес. Ал жұмыс берушінің кешіккені үшін жалақыдан алдын ала белгіленген 10 мың теңгені ұстап қалуы заңға қайшы. Яғни жұмыс істелмеген уақытқа ақы төлемеу мен тәртіп бұзғаны үшін ақшалай айыппұл салу – екі бөлек нәрсе.

Қандай жағдайда жалақыдан ақша ұстауға болады?

Еңбек кодексінің 115-бабы жалақыдан ұстап қалуға болатын жағдайларды реттейді. Мәселен, сот шешімі бойынша немесе заңда көзделген өзге де негіздермен ақша ұстауға рұқсат етіледі.

Сондай-ақ жұмыс беруші қызметкердің ұйым алдындағы берешегін, мысалы, іссапардан кейін қайтарылмаған қаражатты, белгілі бір шарттар орындалған жағдайда оқытуға жұмсалған шығынды немесе жалақы есебінен берілген игерілмеген авансты ұстай алады. Өзге жағдайларда қызметкердің жазбаша келісімі қажет болуы мүмкін.

Жұмыс беруші ай сайын қызметкерге жалақының құрамдас бөліктері, ұсталған сомалар мен олардың негіздері және қолға тиетін жалпы сома туралы ақпарат беруге міндетті.

Заңсыз айыппұл салынса, не істеу керек?

Егер жұмыс беруші жалақыдан айыппұл ұстаса, алдымен есеп парағын тексеріп, ақшаның қандай негізде қысқартылғанын анықтау қажет. Құжаттарда кешіккені немесе басқа тәртіп бұзғаны үшін ақшалай айыппұл көрсетілсе, қызметкер жұмыс берушіден мұндай ұсталымның заңды негізін түсіндіруді талап ете алады.

Мәселе шешілмеген жағдайда аумақтық еңбек инспекциясы департаментіне жүгінуге болады. Электрондық өтінішті eOtinish платформасы арқылы жіберуге мүмкіндік бар.

Сондай-ақ оқыңыз