Мектеп, аурухана мен спорт кешені: Ұлттық қор ақшасы қандай жобаларға жұмсалады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
1,5 трлн теңгенің жобасы мақұлданған / Фото: Серикжан Ковланбаев, бильд-редактор: Милош Муратовский

2029 жылға дейін Ұлтты қордан алынатын 6,5 трлн теңге инфрақұрылым жобаларына жұмсалады, деп хабарлайды Kursiv.Media. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, қазірдің өзінде жалпы сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 262 жоба мақұлданған.

Қаржы «Инфрақұрылымды дамыту қоры» арқылы жұмсалады. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында жалпы 344 млрд теңгеге 41 жоба іске асырылмақ. Бұл қаражатқа жаңа аурухана, емхана, перинаталдық орталықтар мен перзентханалар салынады.

«Мәдениет, туризм және спорт салаларын дамытуға 266 млрд теңге қаржы бағытталып, 23 нысан салынады. Олардың қатарында спорт кешендері, мәдениет сарайлары, театрлар және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар бой көтереді», – деді Нәлібаев.

Ал білім беру саласында мектептер мен көпфункционалды кешендердің құрылысын қоса алғанда, 101 млрд теңгеге 28 жоба іске асырылады. 

«Көлік инфрақұрылымын дамытуға 369 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа бірқатар жолдарымыз қайта жаңғыртудан өтеді, жаңа автомобиль жолдары, көпірлер салынып, 48 жоба іске асырылады», – деді ол.

Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға 284 млрд теңге бағытталып, 55 нысан қамтылады. Олардың қатарында магистральдық су құбырлары, тазарту құрылыстары, қорғаныс бөгеттері мен су бөгеттері бар. Жылумен және газбен жабдықтау жүйелерін дамыту бойынша 67 жобаны іске асыруға 136 млрд теңге қарастырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында 2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың қаңтар-ақпан айларында Ұлттық қордан 1,5 трлн теңге алынатынын айтқан. Ал 2029 жылға дейін 6,5 трлн теңгеге жетеді.

Сондай-ақ оқыңыз