«Тарихи міндет қойылып отыр»: Құрылтай депутаттары үндеу жасады  

Жарияланды
Құрылтай депутаттары үндеу жасады/фото: Асқар Ахметуллин

Құрылтай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын қолдап, арнайы үндеу жариялады. Құрылтай атынан депутат Айдос Сарым мәлімдемені оқып берді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Депутаттың айтуынша, мемлекет басшысының жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы жолдауы ел дамуының алдағы онжылдықтардағы бағытын айқындайды.

«Мемлекет басшысының биылғы жолдауы – жаңа жоспарларымыз бен іс-қимылымыздың доктринасы. Жолдауда алдымызға тарихи міндет қойылып отыр. Ол – бүкіл экономикалық капиталды инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмылдыру. Игі бастаманың өзегінде адам мен оның құқығы, қадір-қасиеті және ертеңгі күнге деген сенімі тұр», – деді Айдос Сарым.

Үндеуде президенттің 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасына да тоқталған. Оның аясында ел бойынша инженерлік, жол-көлік, медициналық және мәдени нысандар салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Қазақстанның энергетикалық дербестігін нығайту, транзиттік тасымалды арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және елді еуразияның көлік-логистикалық орталығына айналдыру міндеттері аталған. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту да басым бағыттардың бірі ретінде көрсетілген.

Құрылтай депутаттары президент айқындаған ұлттық жаңғыру бағдарламасын заңнамалық, сараптамалық және қоғамдық тұрғыда ілгерілетуге күш салатынын мәлімдеді.

Үндеу соңында депутат қазақстандықтарды елдің болашағы мен өркендеуі жолында бірлік танытып, ортақ іске атсалысуға шақырды.

28 қазанда президент халыққа жолдауын жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз