Депутат жаңа үйлерге мектеп пен жол салынбайынша халықты кіргізбеуді ұсынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Құрылтай депутаты Юлия Кучинская жаңа тұрғын үйлерге қажетті инфрақұрылым салынбайынша халықты қоныстандыруға тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар ол қала маңындағы қоғамдық көлік қатынасын дамытып, мегаполистерден тыс жерлерде жұмыс орындарын ашу қажеттігін айтты. Бұл мәселені ол премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында көтерді.

Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы урбанизация үдерісі біркелкі жүріп жатқан жоқ. Халықтың басым бөлігі санаулы мегаполиске шоғырланып, ал шағын және моноқалаларда тұрғындар саны азайып, инфрақұрылым тозып барады.

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 1 қыркүйектегі дерегіне сәйкес, Қазақстан халқының 64 пайыздан астамы қалада тұрады. Оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларына барлық қала тұрғынының 37 пайыздан астамы тиесілі.

«Қалаларға халықтың көптеп қоныс аударуы инфрақұрылымның даму қарқынынан асып түсіп жатыр. Соның салдарынан жаңа аудандарда мектеп пен емхана жетіспейді. Ал ретсіз салынған жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда жол, кәріз жүйесі мен көше жарығы сияқты негізгі қажеттіліктер қарастырылмаған», – дейді Юлия Кучинская.

Жаңа үйлердің құрылысы инфрақұрылыммен қатар жүруі керек

Депутат жаңа тұрғын үйлерге халықты қоныстандыру үшін алдымен жол, инженерлік желілер, мектеп пен емхана сияқты қажетті инфрақұрылымды салу керек екенін айтты.

Сондай-ақ Кучинская қала маңындағы елді мекендерде нақты тұратын халық саны мен тіркелген тұрғындар санының айырмашылығы коммуналдық желілерге, қоғамдық көлікке және әлеуметтік нысандарға қосымша салмақ түсіретінін айтты.

Депутат агломерацияларды дамыту туралы заң қабылданғаннан бері елорда маңында бірде-бір бірлескен жоба жүзеге аспағанын да атап өтті.

Тағы бір мәселе – маятниктік көші-қон. Яғни тұрғын үй құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар жүрмегендіктен, адамдар күн сайын жұмысқа жету үшін бірнеше сағатын жолға жұмсауға мәжбүр.

Шағын қалалардан халық көшіп жатыр

Сауалда шағын және моноқалалардың жағдайы да сөз болды. Депутаттың пікірінше, мұндай қалаларда жалақысы жоғары жұмыс орындарының аздығы, инфрақұрылымның тозуы, сапалы білім мен медициналық қызметтің жетіспеуі халықтың басқа өңірлерге көшуіне себеп болып отыр.

Бұл өз кезегінде жергілікті еңбек ресурстарының азаюына және қалалардың инвесторлар үшін тартымдылығының төмендеуіне әкеледі.

«Қазақстандағы урбанизация Үкімет пен әкімдіктердің үйлесімді жұмысын қажет етеді. Қалалар заманауи инфрақұрылыммен, өндіріс орындарымен, жұмыс орындарымен және мәдени нысандармен қамтамасыз етіліп, өмір сүру сапасы біркелкі дамуы керек», – делінген депутаттық сауалда.

Депутаттар тағы қандай ұсыныс айтты?

Бұдан бөлек, депутаттар мемлекеттік мекемелерді, жоғары оқу орындары мен ауруханаларды мегаполистердің шетіне және қала маңына орналастыруды ұсынды. Бұл қала орталығындағы жүктемені азайтып, шеткі аудандарда жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қала мен қала маңы арасында жылдам қатынайтын электр пойыздарын іске қосу, мегаполистер мен іргелес облыстардың ортақ инфрақұрылым шығындарын әділ бөлу қажет екенін айтты.

Депутаттар елдегі 90 қаланың даму әлеуетіне талдау жүргізіп, олардың даму жоспарларын жаңартуды да ұсынды. «Әділет» партиясының фракциясы Үкіметпен бірге бастамаларды пысықтап, қажетті заңнамалық өзгерістер әзірлеуге дайын екенін мәлімдеді.

Тағы да оқыңыз: Қалаға көшу тренді: соңғы 6 жылда халық саны күрт өзгерді

Сондай-ақ оқыңыз