Халық алкогольдің қандай түрін тұтынуды азайтты

Қазақстанда алкоголь нарығының құрылымы өзгеріп жатыр. Алкоголь өнімдерінің төрт санатының үшеуінде сатылым көлемі төмендеген. Әсіресе қымбат әрі премиум санаттағы сусындарға сұраныс айтарлықтай азайған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында коньяк сатылымы былтырғы жылмен салыстырғанда 41,9%-ға, шарап 12%-ға, сыра 5%-ға азайған. Ал арақ сатылымы керісінше 4,5%-ға өскен.
2022 жылы Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Ресей азаматтарының Қазақстанға қоныс аударуына байланысты алкоголь тұтыну көлемі күрт артқан. Сол жылы арақ тұтыну 1,9 есе, коньяк 1,5 есе өскен. Кейін сатылым біртіндеп төмендей бастағанымен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер 2021 жылғы деңгейге оралмаған.
Сұраныстың азаюы өндіріс пен импорт көлеміне де әсер еткен. Биыл сегіз айда коньяк өндірісі 41,9%-ға қысқарып, 5,2 млн литрді құраған. Импорт 41,5%-ға төмендеген. Шарап өндірісі 17,2%-ға, сыра өндірісі 6%-ға азайған. Ал шарап импортының үлесі 35,2%-дан 39%-ға дейін өскен.
Ішкі нарықтағы өзгерістер халықтың шығынынан да байқалады. Биылғы бірінші жарты жылдықта қазақстандық отбасылар алкоголь өнімдеріне жұмсайтын қаражатын 4%-ға қысқартқан. Қала тұрғындарының шығыны 7,2%-ға азайса, ауыл тұрғындары керісінше 3%-ға арттырған.
Өңірлер арасында да айырмашылық бар. Алкогольге ең көп қаражат Қарағанды облысында жұмсалған 18,1 мың теңге. Ал Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш небәрі 1,1 мың теңге болған. Алматыда үй шаруашылықтарының шығыны 17,2 мың теңгені, Астанада 7,8 мың теңгені құраған.
Мамандар алкоголь тұтынудың азаюына бағаның өсуі де әсер етуі мүмкін екенін айтады. 2026 жылғы қыркүйекте алкоголь өнімдері бір жылда 14,8%-ға қымбаттаған. Соның ішінде сыра бағасы 16,9%-ға, шарап 12,8%-ға, арақ 11%-ға өскен.
Тағы да оқыңыз: Ішімдіктен бас тартқан ауылдар көбейсе де, алкоголь өндірісі тоқтаған жоқ