19 жастағы Мадинаның өлімі: марқұмның денесі қайта қазып алынды

Алматы облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызының өліміне қатысты іс бойынша оның денесіне эксгумация жасалып, екінші мәрте сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Оқиға орнынан блогер Жан Ахмадиев арнайы репортаж жүргізді.
«Дәл қазір біз Алматы қаласының маңында, небары 19 жасында көз жұмған Мадина қарындасымыздың бейітінің басында тұрмыз. Оның жұмбақ өліміне қатысты бұған дейін де бірнеше рет мәселе көтердік. Алғашқы сот-медициналық сараптаманың қорытындысына күмән келтіріп, қайта сараптама жүргізуді талап еткен едік. Бүгін полиция қызметкерлері мен тиісті мамандардың қатысуымен денесі қабірден қазылып алынады», – деп түсіндірді Жан Ахмадиев.
Блогер қазақы ұғымда қабірді қайта ашу оңай шешім емес екенін, бірақ істің ақ-қарасын анықтау үшін осындай ауыр қадамға баруға тура келгенін атап өтті. Марқұмның артында 8 айлық сәбиі қалған.
Түсірілім тобы ұсынған кадрларда бойжеткеннің денесінде соққы мен созылмалы жарақат іздері бар екені байқалады.
«Небары 19 жастағы қыз, артында 8 айлық сәбиі қалды. Біз ешкімді алдын ала кінәлаудан аулақпыз, бірақ Мадинаның өліміне қатысты ақиқат толық ашылуы тиіс. Ол өмірге қайта оралмайды, бірақ шындықтың көміліп қалуына жол бермеуіміз керек. Біз бұл істі соңына дейін бақылауда ұстаймыз, әділдік үшін күрес жалғасады», – деді ол.
Қазіргі таңда қайта тағайындалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы күтілуде. Аталған іс бойынша тергеу амалдары ары қарай жалғасады.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызы қайтыс болды. Жергілікті полиция өзін өлтіруге жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.