Хэллоуинде полицейге әзілдеп сұрақ қойған әйелге айыппұл салынды

Алматыда қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкеріне әзілдеген әйелге айыппұл салынды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Полиция мұны арандатушылық әрекет деп таныды. Әзіл-қалжыңы әкімшілік жазаға ұласып, 130 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.
Оқиға 31 қазан күні кешкі уақытта Арбат жаяу жүргіншілер аймағында болған. Учаскелік инспектор мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіп пен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген.
Осы сәтте оған қолына камера ұстаған әйел жақындап келіп, «полиция қызметкерінің формасы Хэллоуинге арналған костюм емес пе?» деп әдейі сұраған.
«Полицей әйелдің арандатушылық әрекетіне сабырмен жауап берді. Ол өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетіп, жұмысын жалғастырған. Алайда оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланып, ондағы жағдай белгілі бір контексте ұсынылған», – делінген полиция хабарламасында.
Бейнежазба авторының жеке басын Алмалы аудандық полиция қызметкерлері анықтады. Ол Алматы қаласының 47 жастағы тұрғыны болып шықты.
Әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кететін жайт, Шахтинск қаласының 33 жастағы тұрғыны полицияға әзілдегені әрі қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.