Шымкентте алдын ала келісіп адам өлтірген алты адам сотталды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Шымкентте кісіні жоспарлы түрде өлтірген алты адам сотталды / Фото: Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Шымкентте атышулы кісі өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты. Сотталушылар 40 жастағы Василий Колесниковты ұрлау үшін жол апатын ұйымдастырып, артынан оны Түркістан облысына алып кетіп, аяусыз өлтірген, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, оқиға 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болды. 3 көлікпен келген шабуылдаушылар Колесников пен оның екі танысы отырған көлікті соғып, үшеуін де соққыға жыққан. Жәбірленушілердің бірінің кеудесіне пышақ салған. Ал Колесниковты күштеп көлікке отырғызып, Түркістан облысының Қайнар ауылына апарып, ауыр соққыға жығып, ажал құштырған. Шабуыл жеке араздық салдарынан алдын ала жоспарланған.

Шымкент қалалық сотының 4 қарашадағы үкімімен айыпталушыларға төмендегідей жаза кесілді:

  • Мақсұт Арысбаев — 23 жыл;
  • Рауан Іңкәрбеков — 22 жыл;
  • Дархан Қызбалаев — 22 жыл;
  • Әлихан Ерімбет — 21 жыл;
  • Жанділдә Қуандықов — 20 жыл 6 ай;
  • Бекасыл Жұманазар — 20 жыл.

Сондай-ақ сот шабуыл кезінде аман қалған жәбірленушінің пайдасына 10 млн теңге моральдық зиян және 4 млн теңге адвокаттық шығын өндірді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз