Текеліде экскаватор 11 жастағы оқушыны қағып өлтірді

Текелі қаласында дөңгелекті экскаватор жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өтіп бара жатқан 11 жастағы қызды қағып кетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жетісу облыстық полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, жол-көлік оқиғасы жол қиылысында болған. Алған жарақаттарының салдарынан бала оқиға орнында көз жұмды.
«Кінәлі жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Жетісу облысы ПД өкілдері.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы ПД басшылығының ерекше бақылауында.
Әзірге техника қай ұйымға тиесілі екені және бұл маңда қандай жол жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгісіз.
Айта кетейік, осыған дейін Атырауда таңертең мектепке бара жатқан оқушыны көлік қағып, 8 жастағы қыз сол жерде қайтыс болған еді.