Stadler пойыздарының алғашқы рейстерінің мерзімі белгілі болды

5 қарашадан бастап Астана – Алматы және Астана – Семей бағыттарында қатынайтын Stadler пойыздарына билет сату басталады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Жолаушылар тасымалы» компаниясы мәлімдегендей, алғашқы пойыздар елордадан Алматыға 11 қарашада, Семейге 13 қарашада жолға шығады.
«Бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдап алды. Оларды кезең-кезеңімен пайдалануға беру жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен сапар жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді компания басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Жаңа вагондар Қазақстанның климаттық ерекшеліктері мен жолаушылар тасымалына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, Stadler Kazakhstan зауытында шығарылады.

Купе вагондары 40 жолаушыға, ал плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған. Олар климат-бақылау жүйесімен, жеке жарықтандыру құралдарымен, 220 В розеткаларымен, USB және USB-C порттарымен, сондай-ақ бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Қозғалысы шектеулі жолаушыларға да арнайы жағдай қарастырылған.
Пойыз құрамында ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тағамдар сатылатын буфет вагондары болады.
Пойыздардың жүру кестесі
№3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы күн сайын қатынайды:
- Астана қаласындағы «Нұрлы жол» станциясынан – 13:10-да шығып, Алматы-2 станциясына келесі күні 08:30-да жетеді.
- Алматы-2 станциясынан – 12:12-де шығып, «Нұрлы жол» станциясына келесі күні 07:03-те келеді.
№153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызы тақ күндері қатынайды:
- «Нұрлы жол» станциясынан – 16:40-та шығып, Семейге келесі күні 06:10-да жетеді.
- Семей станциясынан – 15:00-де шығып, «Нұрлы жол» станциясына келесі күні 05:05-те келеді.
Еске салсақ, осыған дейін швейцариялық компания Stadler вагондар толық дайын екенін мәлімдеді. Компания «Самұрық-Қазына» АҚ экономика және қаржы жөніндегі директоры Айдар Рысқұловтың вагондардың тежеу жүйесіне қатысты айтқан мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.
Айта кетейік, сәуірде іске қосылады деп жоспарланған Stadler вагондары мамырға шегерілді. Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеген болатын.
Ал мамыр айының соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов швейцариялық Stadler жолаушылар вагондарын іске қосу техникалық ескертулерге байланысты кейінге қалдырылғанын хабарлаған болатын.
Сондай-ақ премьер-министр Олжас Бектенов Stadler компаниясы вагондарының кешігіп жатқанын еске салып, оларды жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырған еді.