Көлігін қымбатқа сатқан қазақстандықтар салық төлеуі мүмкін

Қазақстанда автокөлігін сатып алғаннан кейін бір жыл өтпей, бастапқы бағасынан қымбатқа сатқан азаматтар құн өсімінен жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге міндетті. Бұл ретте салық көліктің толық құнынан емес, сатып алу және сату бағасының арасындағы айырмашылықтан есептеледі. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады. Ведомство көлік сатқан кезде салық қандай жағдайда туындайтынын және оны төлеу тәртібін түсіндірді.
ЖТС төлеу міндеті қашан туындайды?
Құн өсімінен табыс төмендегі екі шарт қатар орындалған жағдайда пайда болады:
- Қазақстанда тіркелген автомобильді мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап бір жыл өтпей сату;
- көлікті сатып алған бағасынан қымбатқа сату.
Егер қазақстандық нөмірлі көлік бір жыл немесе одан да көп уақыт меншікте болса, оны пайдамен сатса да, құн өсіміне салық төлеудің қажеті жоқ.
Ал шетелде тіркелген автомобильдерге қатысты тәртіп өзгеше: мұндай көліктерді сатқанда иелену мерзімі ескерілмейді. Егер сату бағасы бастапқы құнынан жоғары болса, салық туындауы мүмкін.
Сол бағамен немесе арзанырақ сатылған көлікке ЖТС салынбайды.
Салық қанша болады?
ЖТС көліктің толық құнынан емес, сатып алу және сату бағасының арасындағы оң айырмашылықтан есептеледі.
2026 жылы салық мөлшерлемесі:
- 8 500 АЕК-ке дейінгі табысқа – 10%;
- 8 500 АЕК-тен асатын бөлігіне – 15%.
Мысалы, азамат көлікті 10 млн теңгеге сатып алып, сегіз айдан кейін 12 млн теңгеге сатты делік. Бұл жағдайда құн өсімі 2 млн теңге болады. Демек, төленетін ЖТС – 200 мың теңге.
Жөндеу, техникалық қызмет көрсету және тюнингке жұмсалған шығындар салық салынатын табысты азайтпайды.
Декларацияны қашан тапсыру керек?
Салық салынатын табыс пайда болған жағдайда жеке тұлға 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыруы тиіс.
Декларация көлік сатылған жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсырылуы керек. Ал салықты декларация тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейінгі 10 күнтізбелік күн ішінде төлеу қажет.
Мысалы, автомобиль 2026 жылы сатылса, декларацияны 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсырып, ЖТС-ты 25 қыркүйекке дейін төлеу керек. Егер көлікті сатудан құн өсімі туындамаса, тек осы мәміле үшін декларация тапсыру міндетті емес.
Көлік мұраға қалса, бастапқы құны қалай анықталады?
Автомобиль мұрагерлікпен алынған жағдайда оның бастапқы құны меншік құқығы пайда болған күнгі нарықтық бағасы бойынша есептеледі. Бұл соманы тәуелсіз бағалаушының есебімен растау қажет.
Сондықтан көлікке қатысты сатып алу-сату шарттарын, бағалау есебін және бастапқы құнын растайтын өзге де құжаттарды сақтаған жөн.
Көлікті жиі сату кәсіпкерлік қызмет болып санала ма?
Жеке тұлғаның өз автокөлігін бір рет сатуы кәсіпкерлік қызмет болып есептелмейді. Алайда көліктерді жүйелі түрде сатып алып, қайта сату кәсіпкерлік қызмет ретінде бағалануы мүмкін. Мұндай жағдайда салық салудың өзге тәртібі қолданылады.
Сондай-ақ сатып алу-сату шартында көліктің бағасын әдейі төмен көрсету кейін қосымша салықтық және құқықтық тәуекелдерге әкелуі мүмкін.
Тағы да оқыңыз: 3-5 млн теңгеге қандай көлік алуға болады – автомаман кеңесі