Шетелден тартылатын инвестиция ағыны 49%-ға азайды

Шетелдік инвесторлардың қазақстандық жобаларға қаржы құюы жалғасып жатқанына қарамастан, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны екі есеге жуық қысқарды, деп хабарлайды Kursiv.Media Finprom.kz порталына сілтеме жасап.
2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан 9,4 млрд доллар көлемінде жиынтық тікелей шетелдік инвестиция тартты. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға аз.
Ал шетелдік инвесторлар алдындағы міндеттемелерді өтеуді қоса алғанда, қарсы инвестициялық операцияларды есепке алатын ТШИ-дің таза ағыны едәуір қысқарған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш бар болғаны 470,6 млн долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен ($928,5 млн) салыстырғанда 49,3%-ға азайды.
Сонымен қатар, қайта инвестицияланған кірісті есепке алмағандағы (капиталға салынған инвестициялар мен борыштық құралдар бойынша операцияларды сипаттайтын) таза ТШИ көлемі одан да қатты қысқарды: 2,6 млрд доллардан 501,6 млн долларға дейін, яғни 80,7%-ға төмендеді. Сарапшылардың назар аударуынша, жиынтық және таза ағын динамикасы арасындағы мұндай алшақтық шетелдік инвестиция түсімі статистикасында көрсетілген қомақты қаржының экономикадағы шетелдік салымдардың дәл сондай көлемде артуын қамтамасыз етпейтінін білдіреді. Жаңа түсімдермен қатар шетелдік инвесторлар алдындағы берешекті өтеу, капиталды қайта бөлу және басқа да қарсы операциялар қатар жүріп жатыр.
«Қазақстанның инвестициялық динамикасының маңызды ерекшеліктерінің бірі — қайта инвестицияланған пайданың елеулі рөл атқаруы. Әңгіме шетелдік инвесторлардың дивиденд түрінде бөлінбей, компанияларда қалатын және капиталды қайта салу ретінде есепке алынатын табысы туралы болып отыр», — делінген басылымда.
Соңғы онжылдықта басқа компоненттердің теріс динамикасына қарамастан, қайта инвестицияланған кірістер ТШИ ағынының оң көрсеткіштерінің басым бөлігін қамтамасыз етіп келді.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жағдай өзгерді: қайта инвестицияланған кірісті есепке алмағандағы таза ТШИ оң аймаққа шығып, 647,1 млн долларды құрады.
Ал биылғы ұқсас кезеңінде бұл оң динамика бәсеңдеп, көлемі жоғарыда аталған 501,6 млн долларға дейін қысқарды. Бұл ретте қайта инвестицияланған кірістің жылыстауы жалғасты, 2026 жылдың алты айында бұл көрсеткіш 31 млн долларды құрады (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 1,7 млрд доллар болған).
Бұл қайта инвестициялаудың ТШИ динамикасына оң үлес қосуын тоқтатқанын көрсетеді. Сондықтан таза инвестициялардың қазіргі динамикасы шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы жобаларға қаржы құюды әлі де жалғастырып жатқанын аңғартады.