«Сезімтал әрі батыл»: Шоқан Уәлиханов туралы жаңа фильм қашан жарық көреді

Осы жылдың желтоқсанында Шоқан Уәлиханов туралы жаңа фильмнің тұсауы кесіледі. Картинада ғалымның жаңа бейнесін танисыздар дейді туындының бас продюссері Мая Бекбаева Алматыда өткен Шоқан Уәлихановтың зияткерлік мұрасына арналған II Халықаралық Shoqan Forum-да.
Шоқан жайлы еңбек деректі көркем фильм сипатында түсірілген. Продюссер картинаны түсіруге дайындық кезінде бұрынғы еңбектерді де қарап шыққан.
«Шоқан Әлиханов туралы кеңес заманында екі фильм түсірілген. Сондықтан бұл жобаны жасау бір жағынан қиын болды. Өйткені ол фильмдер кеңестік идеологияның ықпалымен түсірілген еді. Көптеген құжат қолжетімді болмады, тақырып та бүгінгідей терең зерттелмеген. Қазір, әрине, ақпарат та көп, мүмкіндік те мол», – дейді Мая Бекбаева.
Продюссердің айтуынша, фильмді түсіру жұмысы бір жылға созылған, қазір монтажы жасалып жатыр. Жыл соңында жарыққа шығарамыз деп жоспарлап отыр.
«Ол қандай адам болды? Біз үшін осы мәселені ашу өте маңызды еді. Белгілі бір кезеңде Шоқанды кеңестік идеологияның шеңберіне сыйғызуға тырысты. Оны мектеп кабинетінде ілулі тұратын портреттегідей біржақты тұлға етіп көрсетуге ұмтылды. Біз бұл көзқарастан барынша алшақтап, оны өз дәуірінен бір ғасыр озып туған, жан дүниесі терең, сезімтал, батыл зияткер ретінде көрсеткіміз келді.Меніңше, ол терең ішкі қайшылықты бастан өткерген «, – дейді ол.
XIX ғасырдың 20-жылдары қазақ даласында хан билігі жойылып, Шыңғыс ұрпағының ықпалы әлсіреуі де ғалымның болмысына әсер еткен.
«Шыңғыс әулетінің билігі әлсіреп, хандық билік жойылып жатты. Иә, Шоқанның көз алдында тұтас бір отбасының трагедиясы жүрді. Оның туған нағашысы Кенесары Қасымов ашық қарсылыққа шығып, ақырында басынан айырылды. Шыңғыс хан ұрпағынан тараған, осының бәрін бойына қанымен, ДНҚ-сымен сіңірген адамның Ресей империясының қызметінде жүруі – күрделі жағдай. Осындай аса қиын тарихи әрі географиялық жағдайда да ол, ең алдымен, өз халқына пайдасын тигізудің жолын іздеді», – дейді Бекбаева.
Жиында Шоқан жайлы фильмнінен бірнеше минуттық үзінді көрсетілді. Онда ғалымның Қашғарияға сапары, сол жерде үйленуі бейнеленеді. Фильм қазақ және орыс тілінде түсірілген. Ұлы ғалым жайлы форум Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Almaty Management University (AlmaU)-дің «Ұлы Дала академиясы» ғылыми орталығы және креативті индустриялар орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Оқи отырыңыз: