14 сарбаздың қазасы: 300-ден аса адам тергеліп, 8 лауазымды тұлға ұсталды

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталуға жақын. Іс аясында 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бас прокуратураның мәліметінше, қайғылы оқиғаға байланысты Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің басшылығы мен әскери бөлім командирлерін қоса алғанда, сегіз лауазымды тұлға қамауға алынған.
Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары істі тергеуді жалғастырып жатыр. Ал тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.
Тергеу барысында не анықталды
Қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілген. Қазіргі уақытқа дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу тағайындалған.
Тергеу аясында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған.
Олардың қатарында:
- Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы;
- оның бірінші орынбасары және жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары;
- екі әскери бөлімнің командирлері;
- теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері;
- катер капитаны бар.
Тергеу қашан аяқталады
Қазір тергеу органдары қажетті әрекеттерді аяқтауға дайындалып жатыр. Одан кейін қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланған.
«Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр», – деп хабарлады тергеу органдары.
Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді. Тергеудің түпкілікті қорытындысы мен істің сотқа қашан жолданатыны әзірге белгісіз.
Маңғыстаудағы сарбаздардың қазасы
2026 жылдың 24 қыркүйегінде Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге ағыс алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты. Іздеу-құтқару операциясы 25 қыркүйекте аяқталды.
Содан кейін 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Осы жағдайдан кейін президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құру туралы айтты