Алматы мен Алатауда ақылды автотұрақтар мен робот-жеткізушілер пайда болуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстан Hyundai Motor Company компаниясымен қалаларды цифрландыру, ЖИ мен робототехниканы дамыту бағытында ынтымақтастық орнатпақ. Тараптар Алматы мен Алатау қалаларында ақылды автотұрақтар, роботтандырылған жеткізу қызметтері және интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Hyundai Motor Company өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Hyundai Motor Group атқарушы вице-президенті Хогын Чон бастаған делегацияның кездесуі қорытындысында қол қойылды.

Hyundai Қазақстанда қандай жобаларға қатысуы мүмкін

Кездесуде тараптар қалаларды басқару жүйесіне заманауи технологияларды енгізу мәселесін талқылады. Оның ішінде бірнеше бағытқа басымдық берілді:

  • қалалық көлік қозғалысын жасанды интеллект арқылы басқару;
  • сұранысқа қарай жұмыс істейтін мобильділік сервистерін дамыту;
  • роботтардың көмегімен тауар жеткізу;
  • ақылды автотұрақтар құру;
  • электромобильдерге арналған зарядтау инфрақұрылымын дамыту;
  • интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу.

Бірлескен жобаларды сынақтан өткізуге Алматы мен Алатау қалалары ықтимал алаң ретінде қарастырылып отыр.

Мұндай жобалар қалалық инфрақұрылымның жұмысын оңтайландыруға, көлік қозғалысын тиімді басқаруға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

Тараптар қандай келісімге келді

Қол қойылған меморандум аясында Қазақстан мен Hyundai тәжірибе және технология алмасып, бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндігін зерделейді. Сонымен қатар мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және ынтымақтастықты үйлестіретін бірлескен жұмыс тобын құру жоспарланған.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – озық технологияларды қалаларды басқару ісінде қолдану және көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыру.

«Ынтымақтастық қалаларды басқару саласында озық технологияларды іс жүзінде қолдануға, көлік және қалалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінде кейіннен ауқымын кеңейтуге әлеуеті бар инновациялық шешімдерді дамытуға бағытталған», – деп хабарлады министрлік.

Әзірге нақты жобалардың тізімі, оларды іске асыру мерзімі мен қаржыландыру шарттары жарияланған жоқ. Бұл мәселелер тараптар арасында қосымша келісіліп, Қазақстан заңнамасына сәйкес айқындалады.

Айта кетейік, Hyundai Motor Group құрамына Hyundai Motor Company мен Kia кіретін халықаралық компаниялар тобы. Автокөлік өндірісінен бөлек, компания робототехника, жасанды интеллект, болашақ мобильділігі және ақылды қалалар бағыттарын да дамытып келеді.

Тағы да оқыңыз: Hyundai компаниясы 6 млрд долларға Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салады

Сондай-ақ оқыңыз