Қорғаныс министрлігіндегі аудит: 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр жатыр

Жарияланды
Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігін тексеру қарашада аяқталады/ gov.kz

Қорғаныс министрлігінің қызметіне жүргізілген кешенді тексеру 104 нысанды қамтыды. Анықталған заң бұзу бойынша қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Бұл туралы мемлекет басшысы құрған комиссияның аралық қорытындысында айтылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Комиссия тексеру барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне, қызмет өткеру жағдайына, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету сапасына ерекше назар аударған.

Сондай-ақ әскери бөлімдердегі медициналық көмектің сапасы мен мемлекеттік мүліктің сақталуы тексеріліп жатыр. Ал бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалғанына қатысты аудит әлі жалғасуда.

Тексеру кезінде анықталған жекелеген заңбұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазір қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Алайда тергеу мүддесіне байланысты олардың мән-жайы әзірге жарияланбайды.

Комиссияның негізгі мақсаты – қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету, әскери тәртіпті нығайту және анықталған жүйелі кемшіліктерді жоюға бағытталған шараларды әзірлеу.

Комиссия ұсынымдары әскери реформалар жоспарын іске асыру кезінде де ескеріліп жатыр. Тексеру жұмыстары биыл қараша айында аяқталады деп жоспарланған.

Тағы да оқыңыз: 14 сарбаздың қазасы: 300-ден аса адам тергеліп, 8 лауазымды тұлға ұсталды

Сондай-ақ оқыңыз