Алматыда Есентайға бөтелке лақтырған тұрғынға айыппұл салынды
Жарияланды

Алматыда 40 жастағы ер адам Есентай өзеніне бөтелке лақтырғаны үшін 10 АЕК (43 мың теңгеден астам) айыппұл төледі. Құқық бұзушы әлеуметтік желіде тараған видео арқылы анықталған. Бұл туралы полиция хабарлады деп жазады Kursiv Media.
Оқиға Жамбыл және Қожамқұлов көшелерінің қиылысында болған. Жарияланған видеода ер адамның өзен арнасына бөтелке лақтырғаны көрінеді.
Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, істің мән-жайын тексеру үшін Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізген. Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот оған әкімшілік айыппұл тағайындады.
Полиция өкілдері қалалық ортаны ластаудың әрбір дерегі, құқық бұзушылықтың ауқымына қарамастан, заң аясында қаралатынын атап өтті.