Самара – Шымкент тасжолында 15 шетелдік эвакуацияланды

Полиция мен құтқарушылар Самара – Шымкент тасжолында 15 Тәжікстан азаматын эвакуациялады, деп жазады Kursiv.Media.
Полиция ақпаратына қарағанда, ақауының кесірінен автобус жолда қалған.
«6 қараша күні сағат 01:11 шамасында республикалық маңызы бар Самара – Шымкент автожолының 1214-шақырымында патрульдік полиция жасағы жол жиегінде тоқтап тұрған автобусты байқаған. Тексеру барысында Тәжікстан Республикасынан Ресей Федерациясына бағыт алған Van Hool автобусының техникалық ақауға байланысты жолда тоқтап қалғаны анықталды», – делінген ақпаратта.
Автобус салонында екі жүргізуші мен 15 жолаушы болған. Олардың алтауы – әйел, төртеуі – бала, бесеуі – ер адам. Барлығы Тәжікстан Республикасының азаматтары.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Ырғыз ауданының төтенше жағдайлар қызметі мамандарымен бірлесіп, жолаушыларды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Оларды Ырғыз ауылының қиылысында орналасқан мешітке орналастырған.
Жолаушылар медициналық көмекке мұқтаж емес. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Ал Алматыда құтқарушылар 3,5 мың метр биіктікте қалған ресейліктерді эвакуациялаған еді.