Қазанда банктер биржадан тыс саудада доллар мен рубльді көптеп сатып алған

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазан айында биржадан тыс банкаралық сауданың басым бөлігі АҚШ долларына тиесілі болды. Осы айда долларды сатып алу мен сатудың жалпы көлемі 40,8 млрд АҚШ долларына жетті.

Бұл мәмілелердің негізгі үлесі (сатып алуда 35,2 млрд, сатуда 35,1 млрд) шетелдік (бейрезидент) банктермен жасалған.

Ал бағамға тоқталсақ, отандық банктер арасында доллардың орташа бағамы сатып алу мен сатуда бірдей 451,6 теңгені құрады.

Шетелдік банктермен жүргізілген мәмілелерде бағам біршама төмен болып, 448,2 теңге деңгейінде белгіленді. Салдарынан жалпы банкаралық орташа бағам 448,6 теңгеге жуықтады.

Сұраныс көлемі жағынан екінші орында Ресей рублі орнықты. Ай ішінде банктер шамамен 24,7 млрд рубль сатып алып, 23,1 млрд рубль сатқан. Бұл жерде де бейрезидент банктердің үлесі басым.

Отандық банктер арасында рубльдің орташа сату мен сатып алу бағамы 5,5 теңге болса, шетелдік банктер қатысқан мәмілелерде 5,4 теңгеге тең болып, жалпы орташа бағам 5,4 теңге деңгейінде қалыптасты.

Еуро бойынша жасалған келісімдер негізінен отандық банктер арасында жүзеге асырылды. Еуро сатып алудың да, сатудың да көлемі шамамен 1,8 млрд еуроны құрады (оның 1,7 миллиардтан астамы отандық банктердің өз арасында саудаланды).

Отандық банктерде еуроның орташа бағамы 505,7 теңге деңгейінде бекітілді. Ал шетелдік банктер қатысқан азғантай мәмілелерде сатып алу курсы 513,8 теңгеге дейін көтерілді.

Өткен айда Қытай юаньімен де биржадан тыс белсенділік байқалды, бірақ оның көлемі едәуір. Сатып алу мен сату көлемі шамамен 35,5 млн юаньды құрады. Мұндағы операциялар отандық банктер арасында 66,9 теңгелік орташа бағаммен өтті.

Валюта нарығындағы сауда-саттық негізінен екі арна арқылы жүзеге асады: ресми арнайы биржа аясында және биржадан тыс нарықта. Биржадан тыс операциялар дегеніміз – қаржы ұйымдарының, яғни банктердің бір-бірімен арнайы сауда алаңына жүгінбей, тікелей өз арасында валюта сатып алу немесе сату туралы келісімшарттар жасасуы. Бұл механизм банктерге ірі көлемдегі қаржылық келісімдерді икемді әрі жылдам жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан банктері тамыз айында биржадан тыс нарықта 38,6 млрд доллар сатып алды. Бұл шілде айындағы көрсеткіштен 13%-ға жоғары болған.

Сондай-ақ оқыңыз