Абай облысында 8,4 млрд теңгелік тоғыз инвестициялық жоба іске асырылады

Абай облысында құны 8,4 млрд теңгені құрайтын, 695 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 9 инвестициялық жоба қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды Kursiv.Media облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, Бесқарағай ауданының Глуховка ауылындағы «Тоқаш Ана» шипажайын электрмен жабдықтау желісін жүргізу бойынша 1 жоба мақұлданды. Қолдауға ие болған инвестициялық жобалар Семей қаласы, Аягөз, Жарма, Мақаншы және Бесқарағай аудандарына тиесілі.
«Жобалар ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көлік және логистика, табиғи тасты өңдеу, қонақүй бизнесі және жол бойындағы сервисті дамыту салаларын қамтиды», – делінген хабарламада.
Аймақ басшысы Берік Уәли инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.
«Инвестициялық жобалардың әрқайсысы өңір экономикасының орнықты дамуы үшін ерекше маңызға ие. Инвесторларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді жедел шешу және қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету – қала және аудан әкімдерінің тікелей функционалдық міндеті. Инвесторлардың барлық өтініштері уақтылы қаралып, әкімшілік кедергілерге жол берілмеуі тиіс», – деді ол.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі мақұлданған инвестициялық жобаларды ерекше бақылауға алып, қабылданған шешімдердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Шетелден тартылатын инвестиция ағыны 49%-ға азайды