Chery Audi көліктеріне ұқсайтын Arrizo 7 седанын таныстырды

Қытайдың Chery автоконцерні Audi көліктерінің кейбір модельдеріне ұқсайтын Arrizo 7 седанының сериялық нұсқасын әзірледі. Дегенмен Chery компаниясы Audi-мен қандай да бір бірлескен жоба немесе әріптестік туралы мәлімдеген жоқ.
Айта кетейік, Arrizo 7 атауын Chery бұған дейін де пайдаланған. Алдыңғы буындағы модель 2018 жылы өндірістен алынған. CarNewsChina басылымы мәлімдегендей, жаңа седан Arrizo S концепті негізінде жасалған. Ол брендтің модельдер қатарында Arrizo 5 пен Arrizo 8 көліктерінің арасынан орын алады.
Екі түрлі қозғалтқышпен ұсынылады
Жаңа Chery Arrizo 7 бензинді және гибридті екі нұсқада шығарылады.
Бензинді нұсқасы 156 ат күшіне ие, көлемі 1,5 литрлік турбомотормен жабдықталған. Қозғалтқыштың айналу моменті – 235 Нм. Ол қос іліністі роботтандырылған беріліс қорабымен жұмыс істейді. Өндіруші мәлімдеген отын шығыны – 100 шақырымға 6,2 литр.
Гибридті нұсқасы 1,5 литрлік атмосфералық қозғалтқыштан, электр моторынан және арнайы DHT трансмиссиясынан тұрады. Литий-темір-фосфатты аккумулятордың сыйымдылығы – 19,5 кВт·сағ.
Бұл нұсқа электр қуатымен CLTC циклі бойынша 116 шақырымға дейін жүре алады. Ал жанармай мен электр қуатын бірге пайдаланғандағы жүріс қоры 1 700 шақырымнан асады. Екі нұсқаның да ең жоғары жылдамдығы сағатына 180 шақырыммен шектелген.
Өлшемдері мен жабдықталуы

Chery Arrizo 7 көлігінің өлшемдері:
- ұзындығы – 4 739 мм;
- ені – 1 850 мм;
- биіктігі – нұсқасына қарай 1 491–1 498 мм;
- доңғалақ базасы – 2 770 мм.
Салонда цифрлық аспаптар панелі мен мультимедиа жүйесінің орталық дисплейі орнатылған. Беріліс қорабын басқару тетігі руль бағанына орналастырылған. Ал орталық консольде физикалық батырмалар мен смартфонды сымсыз қуаттауға арналған алаң сақталған.
Басқа нарықтарға қашан шығады
2026 жылғы тамызда Chery компаниясы Чэнду автосалонында Arrizo 7 моделін жаһандық нарыққа арналған көлік ретінде таныстырған. Сол кезде компания автомобильді әзірлеу барысында 70-тен астам елдің нарығындағы талаптар ескерілгенін мәлімдеген еді.
Жаңа седанды Қытайда 2026 жылдың төртінші тоқсанында сату жоспарланып отыр. Алайда өндіруші әзірге экспорттық жеткізілімдердің кестесін, көліктің жинақтамалары мен бағасын жариялаған жоқ.
Жаңа модельдің Қазақстан нарығында сатылымға шығуы мүмкін екені туралы да әзірге ақпарат жоқ.
Тағы да оқыңыз: 1,5 тонна жүкті сүйрей алады: Chery жаңа Tiggo X7 кроссоверін таныстырды