Пәтерді босатуды талап еткен: талдықорғандық сотта әкімдікті жеңіп шықты

Жарияланды
Талдықорғандық тұрғын сотта әкімдікті жеңіп, пәтерін сақтап қалды/ gov.kz

Талдықорғанда әкімдік халықаралық велоспорт жарыстарында жоғары нәтиже көрсеткен азаматқа берген пәтерін босатуды талап еткен. Алайда тұрғын кассациялық сотта өз құқығын қорғап, жеңіп шықты, деп жазады Kursiv.Media.

2022 жылғы қарашада жергілікті атқарушы орган спортшыға салтанатты жағдайда пәтер кілтін табыстаған. Содан бері ол осы үйде тұрып, коммуналдық қызметтер ақысын төлеп, пәтерді күтіп-ұстау шығындарын өзі өтеген.

Алайда 2025 жылғы қазанда Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі оған пәтерді босату туралы хабарлама жіберген. Бөлім мұны тұрғын үй комиссиясының шешімі, әкімдіктің пәтер беру туралы қаулысы және жалдау шарты болмағанымен түсіндірген.

Тұрғынның өзі тұрып жатқан пәтерге жалдау шартын жасауды сұрап, бөлімге өтініш білдірген. Бірақ оған мүмкіндік берілмеген соң сотқа жүгінген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның талабын қанағаттандырмаған.

Кейін іс кассациялық сотта қаралды. Сот отырысында мемлекеттік органдардың өкілдері пәтер кілттерінің азаматқа жергілікті атқарушы орган тарапынан ресми түрде берілгенін және оның тұрғын үйді өз бетінше иеленбегенін растаған.

Кассациялық сот азаматтың мемлекеттік органның әрекетіне сеніп, адал ниетпен әрекет еткенін ескерді.

Сондай-ақ әкімшілік рәсімдердегі қателіктер мен құжаттарды дұрыс рәсімдемеу азаматқа теріс салдар әкелмеуі керегін атап өтті. Азаматтың жалған құжат ұсынғаны немесе өз құқығын теріс пайдаланғаны да анықталмаған.

Кассациялық сот төменгі соттардың шешімдерінің күшін жойып, азаматтың талабын қанағаттандырды. Сот тұрғын үй қатынастары бөлімінің жалдау шартын жасасудан бас тартуын заңсыз деп танып, оған азаматпен өзі тұрып жатқан пәтерге жалдау шартын жасауды міндеттеді.

Оқи отырыңыз: Полиция талабын орындап жүргізуші куәлігінен айырылған азамат сотта жеңіп шықты

Сондай-ақ оқыңыз