«Жасыл даму» ескі көлікке берілетін өтемақы неге аз екенін түсіндірді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Неліктен ескі көліктерге аз өтемақы беріледі
Неліктен ескі көліктерге аз өтемақы беріледі / коллаж: kursiv.media

«Жасыл даму» басқарма төрағасының орынбасары Дархан Дәутов ескі көліктерді утилизацияға өткізгені үшін ұсынылатын өтемақы неліктен төмен екенін түсіндірді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды , деп хабарлайды Kursiv.Media.

Дархан Дәутовтің айтуынша, тарифтер қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындары мен шығынсыздық деңгейін ескере отырып белгіленген.

Елде қолданыстан шыққан көлік құралдарын қабылдау қайта жанданады. «Жасыл даму» операторының мәліметінше, ауыр жүк көлігін немесе автобусын өткізгендерге жаңа көлік сатып алу үшін 750 мың теңгеге дейін жеңілдік сертификаты беріледі. Ал ең жиі өткізілетін жеңіл көліктер үшін бұл жеңілдік сомасы 315 мың теңгені құрайды.

Қазақстандықтар мұндай өтемақы мөлшерін тым төмен деп есептейді. Сарапшылар да жаңа көліктердің қазіргі бағасымен бұл сома тіпті автонесиенің алғашқы жарнасына да жетпейтінін атап өтеді.

Дархан Дәутовтің айтуынша, бұл сома ескі автокөліктерді қайта өңдеумен және утилизациялаумен айналысатын компаниялардың шығындары мен жүктемесін ескере отырып белгіленген.

«Тарифтер коммерциялық кәсіпорындармен бірлесіп айқындалады. Көліктерді утилизациялайтын компаниялар жетуі тиіс шығынсыздық деңгейі деген ұғым бар. Көлігін утилизацияға өткізетін адамдар үшін бұл соманың жеткіліксіз болуы мүмкін екенін өте жақсы түсінемін. Мәселе тікелей утилизациямен айналысатын кәсіпорындармен бірлесіп пысықталады», – деп түсіндірді басқарма төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар «Жасыл даму» өкілдері бір сертификат бір нақты тұлғаға бекітілетінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз