Елдегі қай трассаларда орташа жылдамдық өлшенеді және ақылы жол құны қанша

Қазақстанның республикалық маңызы бар тасжолдарында орташа жылдамдықты бақылайтын жүйе кеңейіп келеді. Қазір мұндай бақылау 15 ақылы жол учаскесінде жұмыс істейді. КурсивАвто ел аумағындағы орташа жылдамдық өлшенетін трассалар мен ақылы жолдардың тізімін, сондай-ақ жүру тарифтерін шолып шықты.
Жаңа жүйе жүргізушінің жылдамдығын бір ғана камераның тұсында емес, жолдың белгілі бір бөлігін толық жүріп өткен уақыты бойынша есептейді. Бақылау құрылғылары көліктің учаскеге кірген және шыққан уақытын тіркейді. Осы деректер арқылы орташа жылдамдық анықталады. Егер жүргізуші белгіленген шектен асса, құқықбұзушылық туралы ақпарат уәкілетті органдарға жіберіледі.
Орташа жылдамдық қай трассаларда бақыланады
Көлік министрлігінің 21 қазандағы мәліметінше, сол кезде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асатын 15 ақылы жол учаскесінде жұмыс істеген. 2026 жылдың соңына дейін тағы 13 учаскеде іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде бақылау жүйесі 28 жол учаскесін қамтуы тиіс.
Қазан айында жүйе тағы төрт бағытқа қосылған. Қазіргі бақылау жүргізілетін трассалар:
- Астана – Щучинск;
- Астана – Павлодар;
- Астана – Теміртау;
- Шымкент – Қызылорда;
- Шымкент – Тараз;
- Павлодар – Семей – Қалбатау;
- Орал – Ресей шекарасы (Саратов);
- Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы);
- Көкшетау – Петропавл;
- Ақтөбе – Қандыағаш;
- Орал – Ресей шекарасы (Самара);
- Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор);
- Қостанай – Денисовка;
- Қандыағаш – Мақат.
Ал 9 қарашадан бастап Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бұрылбайтал және Қызылорда – Арал бағыттарындағы тағы үш учаске бақылауға алынады.
Қазақстанда қандай жолдар ақылы
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда жалпы ұзындығы 6 290,59 шақырым болатын 28 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді.
Олардың қатарында:
- Астана – Щучинск;
- Астана – Теміртау;
- Астана – Павлодар;
- Алматы – Қонаев;
- Алматы – Қорғас;
- Қонаев – Талдықорған;
- Талдықорған – Өскемен;
- Щучинск – Көкшетау;
- Көкшетау – Петропавл;
- Тараз – Қайнар;
- Тараз қаласының айналма жолы;
- Шымкент – Қызылорда;
- Шымкент – Тараз;
- Шымкент – Өзбекстан шекарасы;
- Қызылорда – Арал;
- Павлодар – Семей – Қалбатау;
- Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы);
- Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал;
- Бұрылбайтал – Құрты;
- Шу – Бұрылбайтал;
- Қандыағаш – Мақат;
- Қостанай – Денисовка;
- Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк);
- Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор);
- Бейнеу – Ақжігіт;
- Орал – Ресей шекарасы (Самара);
- Орал – Ресей шекарасы (Саратов);
- Үшарал – Достық.
Ақылы жолдардың тарифі көлік түріне, жолдың техникалық санатына және төлем жасау тәсіліне байланысты есептеледі.
2026 жылы ақылы жолмен жүру қанша тұрады
Көлік министрлігінің 2026 жылғы қаңтардағы мәліметінше, биыл ақылы жолдардың тарифін көтеру мәселесі қарастырылмаған. Қолданыстағы мөлшерлеме алдын ала және кейінгі төлемге қарай өзгереді.
I санаттағы жолдарда бір шақырымға төленетін тариф:
| Көлік түрі | Алдын ала төлем | Кейінгі төлем |
|---|---|---|
| Жеңіл автокөлік | 2 теңге | 2,7 теңге |
| 16 орынға дейінгі автобус және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 8 теңге | 9,7 теңге |
| 32 орынға дейінгі автобус және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 16 теңге | 19 теңге |
| 32 орыннан көп автобус және 10 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 24 теңге | 29 теңге |
| 15 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 33 теңге | 39 теңге |
| 15 тоннадан ауыр жүк көлігі | 41 теңге | 48 теңге |
II санаттағы жолдарда:
| Көлік түрі | Алдын ала төлем | Кейінгі төлем |
|---|---|---|
| Жеңіл автокөлік | Тегін | Тегін |
| 16 орынға дейінгі автобус және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 6 теңге | 7,6 теңге |
| 32 орынға дейінгі автобус және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 13 теңге | 15 теңге |
| 32 орыннан көп автобус және 10 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 19 теңге | 23 теңге |
| 15 тоннаға дейінгі жүк көлігі | 26 теңге | 30,6 теңге |
| 15 тоннадан ауыр жүк көлігі | 32 теңге | 38 теңге |
Бұл мөлшерлемелер бір шақырымға есептеледі. Сондықтан жол ақысының жалпы сомасы жүріп өткен қашықтыққа байланысты болады.
Айта кетейік, 15 қарашадан бастап Қандыағаш – Мақат ақылы жолының құрамына кіретін Ақтөбе – Қандыағаш тасжолының 11–87 шақырым аралығында жеңіл көліктер үшін де төлем енгізіледі. Осы учаскеден толық өту құны алдын ала төлегенде – 239 теңге, кейін төлегенде – 276 теңге болады. Ал осы жолдың 87–100 шақырым аралығында және Қандыағаш – Мақат бағытының қалған бөлігінде ақы тек автобустар мен жүк көліктерінен алынады.
Ақылы жолды қалай төлеуге болады
Жүргізушілер жол ақысын KazToll жүйесі арқылы төлей алады. Жеке кабинетте көлік құралын тіркеп, жол жүру деректерін, төлем сомасын және берешекті тексеруге болады. Сондай-ақ төлемді алдын ала енгізу мүмкіндігі бар.
Ақылы учаскеге іргелес елді мекендерде тіркелген көлік иелеріне абонемент қарастырылған. Оның түрі мен құны көлік санатына және жолдың техникалық санатына байланысты. Толық ақпаратты KazToll сайтынан немесе 1403 байланыс орталығы арқылы білуге болады.