Әлемдік тәртіп өзгерген тұста Орталық Азияның рөлі қандай болмақ?

Жаһандық саяси және технологиялық өзгерістер Орталық Азия елдерінің халықаралық аренадағы рөліне де әсер етіп отыр. Өңір мемлекеттері жаңа жағдайға тек бейімделіп қана қоймай, халықаралық күн тәртібін қалыптастыруға қаншалықты ықпал ете алады? Елдер арасындағы сенімді қалай нығайтып, ортақ мүдделерді қорғауға болады? Бұл мәселелер Алматыдағы Нархоз университетінде өткен MIND FOR PEACE – «One Region. Shared Future» халықаралық конференциясында талқыланды.
Жиынға дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар мен жас көшбасшылар қатысып, Орталық Азияның болашағы, аймақтық ынтымақтастық және халықаралық институттардың тиімділігі жөнінде пікір алмасты.
Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахметтің айтуынша, қазіргі жағдайда университеттердің рөлі білім беру мен ғылыми зерттеулер жүргізуден әлдеқайда кең. Олар мемлекеттер мен қоғамдар арасындағы диалогты дамытуға, халықаралық мәселелерді талқылауға және академиялық дипломатияға үлес қоса алады.
«Орталық Азияны халықаралық үдерістердің жай ғана нысаны емес, жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысатын дербес өңір ретінде қарастыру маңызды», – деді ол.
Конференцияның негізгі пікірталастарының бірі жаһандық басқару жүйесінің өзгеруі және Орталық Азияның осы үдерістегі орнына арналды. Талқылауға БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Кофи Аннанның бірінші көмекшісі болған Сэм Доуз және Global Governance Institute жасанды интеллектіні басқару бағдарламасының жетекшісі, Токио халықаралық университетінің профессоры Кристофер Ламонт қатысты.
Сарапшылар қатысқан пікірталастарда халықаралық ынтымақтастықтың болашағы, технологиялық өзгерістердің жаһандық басқаруға ықпалы және көпжақты дипломатияның маңызы қарастырылды.
Күн тәртібінде Орталық Азия елдерінің C5+ форматындағы ынтымақтастығы да болды. Қатысушылар Еуропалық одақпен, Қытаймен және Үндістанмен байланыстарды, көлік және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ БҰҰ жүйесін реформалау мәселелерін талқылады.
Тағы бір бағыт университеттердің халықаралық қатынастардағы рөліне арналды. Сарапшылар ғылыми және білім беру саласындағы байланыстардың мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға, геосаяси қайшылықтар жағдайында диалогты сақтауға қосатын үлесін сөз етті.
Жастардың өңірлік мәселелерді шешуге қатысуы да назардан тыс қалмады. Конференция аясында BirliNk C5+ платформасы негізінде International Students Sustainability Club студенттік клубы ашылды. Ол Орталық Азия елдері мен халықаралық серіктестердің студенттері арасындағы байланысты дамытуға бағытталған.