Астанаға Эмомали Рахмон келді: қос ел президенті қандай келіссөз жүргізді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: Ақорда

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президентімен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.

Қос ел президенттері сауданы кеңейту, сондай-ақ транспорт, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқан қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму деңгейін жоғары бағалады.

Фото: Акорда

«Елдеріміздің үкіметтері уағдаластықтарды толығымен жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Қабылданған шаралардың арқасында тасымалданатын тауар түрлері көбейіп, түрлі өнім көлемі артты. Теміржолмен жеткізілетін экспорт-импорт жүгі де ұлғайып келеді. Бизнес деңгейіндегі байланыстар жанданды. Бизнес-форум, арнайы сауда миссияларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар жоспарлы түрде іске асырылуда», – деді Мемлекет басшысы.

Ал Эмомали Рахмон Қазақстан Тәжікстанның алдыңғы қатарлы сауда және экономикалық серіктестерінің санатына кіретінін атап өткен.

9 айда қос ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асқан.. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға жоғары. Инвестициялық ықпалдастық дәйекті түрде дамып келеді.

«Бүгінде Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының 580-нен астам кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 500-і толығымен тәжік капиталының қатысуы арқылы еңбек етеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымызда да оң динамика сақталып отыр. Мәдени, білім беру және академиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Біздің қазіргі міндетіміз – стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты тың нәтижелерге ұластыру», – деді Эмомали Рахмон.

Тоқаев сондай-ақ сапар бағдарламасына Астанада Тәжікстан елшілігінің жаңа кешенін ашу кіретінін хабарлады. Мәдени байланыстар туралы айта келе, ол Душанбеде Абайдың бюсті, ал Астанада Ибн Синаға ескерткіш орнатылғанын еске салды.

Бұған дейін Қазақстан Тәжікстанға 208 млн доллардың тауарын экспорттай алатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз