Қазақстан мен Тәжікстан 14 үкіметарлық құжатқа қол қойды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның қатысуымен өткен келіссөз нәтижесінде 14 үкіметарлық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.

Бұған дейін екі ел арасындағы тауар айналымы 9 айда 1,13 млрд долларға жетсе, енді бұл көрсеткіш 2 млрд долларлық межеге таяп қалды. Осыған орай, тараптар тауар айналымын 2030 жылға дейін ұлғайту жөніндегі жол картасын қабылдады.

Сауда, энергетика және өнеркәсіп

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, энергетикалық және өнеркәсіптік байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Энергетика министрліктері мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы негіздемелік келісіммен алмасты.

Сонымен қатар үкіметтер деңгейінде электр энергетикасы бойынша келісім жасалып, тау-кен өндіру және тау-кен металлургиясы салаларында ұзақмерзімді жобаларды дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өнеркәсіп өзара іс-қимылын іске асыру бойынша 2027 жылға арналған жоспар бекітілсе, екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері 2027–2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдады.

Өткен жылы агроөнеркәсіптік өнімдер жеткізілімі 11 пайызға өсіп, 600 млн долларды құраған болатын. Енді тараптар азық-түлік көлемін арттырумен қатар, өнім өңдейтін толыққанды өндіріс тізбегін құруды көздеп отыр.

Жасанды интеллект және цифрландыру

Ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік салада да маңызды құжаттар бекітілді. Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Тәжікстанның Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі жасанды интеллект саласындағы өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Дәл осы агенттікпен Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі де электрондық коммерцияны дамыту бойынша меморандум жасасты.

Әлеуметтік және денсаулық сақтау бағытында Қазақстанның Еңбек министрлігі мен Тәжікстанның Әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы агенттігі зейнетақымен қамсыздандыру бойынша ақпарат алмасу туралы келісті.

Сонымен бірге екі елдің Денсаулық сақтау министрліктері өзара ынтымақтастық келісіміне қол қойды.

Қауіпсіздік, мемлекеттік қызмет және медиа

Әскери және құқық қорғау салалары бойынша Қазақстан Үкіметі Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадр даярлау саласындағы келісімді бекітті. Бұдан бөлек, екі елдің Бас прокуратуралары серіктестік меморандумына қол қойды.

Сондай-ақ Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Тәжікстанның Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі өзара түсіністік меморандумын рәсімдеді.

Медиа саласында ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Тәжікстанның Телевизия және радио комитеті ынтымақтастық орнатты.

Мемлекет басшыларының мәлімдемелері

Қасым-Жомарт Тоқаев сапардың екі ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті Тәжікстанның Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін және екі ел арасында шешілмеген мәселелердің жоқтығын айтты.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон келіссөз қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдеме ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басты бағыттарын айқындағанын атап өтті.

Бұған дейін Тоқаев Тәжікстан президентін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттаған.

Сондай-ақ оқыңыз