Түркі елдеріне ортақ «әл-Фараби халықаралық зерттеу орталығын» құру ұсынылды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасына арналған халықаралық симпозиум барысында Түркі елдеріне ортақ Әл-Фараби халықаралық зерттеу орталығын құру ұсынылды. Бұл бастаманы Түркияның билік басындағы Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі басқарма басшысы Күршад Зорлу көтерді.

Аталмыш орталық түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ғылыми және академиялық ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етпек.

Күршад Зорлу симпозиум қатысушыларына Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның сәлемі мен құттықтауын жеткізді.

К.Зорлу симпозиум аясында қол қойылған ынтымақтастық келісімдерінің, атап айтқанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан ашылатын ICESCO кафедрасы мен Әл-Фараби орталығының ашылуын қолдайтынын білдіре келе, түркі әлемінің ғылыми қауымдастығына үш ұсынысын жеткізді.

Бірінші ұсыныс – Түркі мемлекеттері ұйымының аясында Әл-Фараби атындағы халықаралық зерттеу орталығын құру.

Айтуынша, мұндай орталық әлемнің әртүрлі елдеріндегі архивтерде сақталған Әл-Фарабидің қолжазбалары мен ғылыми еңбектерін біртұтас цифрлық платформаға жинақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл мұраларды түркі халықтарының тілдеріне аударып, зерттеушілер мен көпшілікке қолжетімді ету көзделеді.

Екінші ұсыныс – Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» тұжырымдамасын заманауи мемлекеттік басқару мен «Ақылды қала» жобаларына енгізу.

Күршад Зорлу ұлы ойшылдың философиялық көзқарастары мемлекеттік басқарудың, қалаларды дамытудың және білім беру жүйесінің маңызды рухани негізіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Үшінші ұсыныс – түркі әлемінің университеттері арасында тұрақты академиялық ынтымақтастық желісін қалыптастыру.

Бұл бағытта Түркия мен өзге түркі мемлекеттерінің жетекші жоғары оқу орындары арасында Әл-Фараби мұрасын зерттейтін бірлескен институттар құру, қос диплом бағдарламаларын дамыту және академиялық алмасуды кеңейту ұсынылды.

Әл-Фарабидің мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық симпозиумды тұрақты түрде өткізу бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Биыл ғылыми форум әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз