TikTok-та балағат сөз айтқан Астана тұрғыны 10 тәулікке қамалды

Астанада TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирде балағат сөздер айтқан ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Іс 7 қарашада елорданың Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Соттың анықтауынша, сағат 00:30 шамасында ер адам TikTok-та азаматша Т.-ның тікелей трансляциясына қосылып, балағат сөздер айта бастаған. Оның бұл әрекеті айналасындағыларға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағаланды.
«2026 жылғы 7 қарашада сағат 00:30 шамасында азамат А. TikTok әлеуметтік желісінде азаматша Т.-ның тікелей эфиріне қосылып, балағат сөздер айтқан. А.-ның кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, кінәсін мойындау жауаптарымен, полиция инспекторының баянатымен, жәбірленушінің түсініктемесімен және тікелей эфирдің бейнежазбасымен дәлелденеді», – деп хабарлады Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Ер адам өз кінәсін мойындады. Сот құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалғанын ескеріп, бұл мән-жайды жауаптылықты жеңілдетеді деп тапты. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар немесе 5-тен 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау көзделген.
Нәтижесінде азамат А. кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Атырау облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде құқық бұзушылыққа жол берген 38 және 39 жастағы екі әйелді жауапкершілікке тартқан еді.