Алматыда жалдамалы пәтерді есірткі зертханасына айналдырған ер адам ұсталды

Түрксіб аудандық полиция қызметкерлері жалға алынған үйді есірткі зертханасына айналдырған 28 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Алматы қаласының полиция департаменті хабарлағандай, жалға алынған үйде есірткі өсірумен айналысатын зертхана жұмыс істеген. Үй иелері уақытша баспанада тұрып, негізгі ғимаратты қарасора өсіруге бейімдеген.
Заңсыз әрекетті Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел қызметкерлері анықтады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 28 жастағы ер адам ұсталды. Үйді тінту кезінде полиция қызметкерлері құмыраларға егілген, марихуанаға тән иісі бар 93 түп өсімдік пен өзіне тән иісі бар зат салынған пакетті тәркіледі. Күдікті қамауға алынды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады полиция.
Қазір жедел қызметкерлер есірткіні өткізу арналарының бар-жоғын анықтап жатыр. Сондай-ақ бұл плантацияны ұйымдастырған адамдар мен өсірілген өнімнің кімге арналғаны тексерілуде.
Бұған дейін, Астанада жалдамалы пәтерде аяқ киім қорабынан 1 килограмға жуық мефедрон табылған еді. Есірткі сақтады және таратты деген күдікпен пәтерді жалға алып тұрған 19 жастағы бойжеткен ұсталды.