Қазақстандағы кедейлік деңгейі төрт есе төмендеді – Дүниежүзілік банк

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Елдегі кедейлік деңгейі төрт есеге төмендеді
Елдегі кедейлік деңгейі төрт есеге төмендеді / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда соңғы жиырма жылда кедейлік деңгейі төрт есеге жуық азайды. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің қазан айындағы баяндамасында айтылған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, 2006 жылы халықтың 18,2%-ы ұлттық кедейлік шегінен төмен деңгейде болса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 4,9%-ға дейін төмендеді. Тиісінше, табысы ұлттық кедейлік шегінен жоғары азаматтардың үлесі 81,8%-дан 95,1%-ға дейін артты.

Дүниежүзілік банктің сарапшылары кедейліктің азаюын, ең алдымен, халық табысының өсуімен байланыстырады. Оң өзгерістер елдің барлық өңірлерінде байқалады.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, сатып алу қабілеті бойынша күніне 8,30 доллардан аз табыс табатын қазақстандықтардың үлесі 2006 жылғы 55,7%-дан 2024 жылы 13,8%-ға дейін төмендеді. Кедейліктің орташа жылдық төмендеу қарқыны шамамен 7,5%-ды құрады.

Бүгінде Қазақстанда халықтың табысын арттыру бойынша жұмыстар жалғасып келеді. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз