Оқушылары жаппай уланған РФММ директоры қызметінен кетті

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
РФМШ / РФММ / уланған оқушылар
фото: РФММ

Алматыдағы Республикалық физика-математикалық мектебінің директоры қызметінен кетті. Бұл туралы мектеп баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

Білім ошағы өкілдерінің сөзінше, директор қызметінен өз еркімен кеткен, одан өзге толық ақпарат берілген жоқ.

Алматыдағы РФММ директорының қызметінен кеткені туралы журналист Михаил Козачков та жазды. Сонымен қатар ол мектепте оқу әзірге қалыпты форматта қайта басталмағанын хабарлады. Нақты айтқанда, мектеп 16 қарашадан бастап гибридті форматқа көшпек. Атап айтқанда, қалада тұратын оқушылар мектепке барып, офлайн оқиды. Ал интернатта тұратын балалар әзірге онлайн білім алады. Себебі олардың тұруына міндетті шарт саналатын тамақтандыру мәселесі әлі шешілмеген.

Оқушыларды интернатқа орналастыру асхана жұмысы қайта қалпына келтірілгеннен кейін ғана мүмкін болатыны хабарланған.

Еске салайық, Алматыда 12-14 қазан аралығында физика-математика мектебінің 47 оқушысы ішек инфекциясына ұқсас белгілермен ауруханаға түсті. Одан кейін тағы бірнеше бала жатқызылды. Осыдан соң білім ошағы қашықтан оқытуға көшті.  

Министрлік Алматыдағы оқушылары уланған мектеп басшылығына ескерту жасады. Алматы полициясы РФММ оқушыларының жаппай ауруханаға түсуіне қатысты қылмыстық іс қозғады.  

22 қазанда РФММ-де уланған оқушылар түгел ауруханадан шықты 

Сондай-ақ оқыңыз