Егіс алқаптарына су жеткізу жақсарады: бес жаңа су қоймасы салынып жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстанда жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырымнан асатын 746 каналды реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл оның 964 шақырымын жөндеу жоспарланған. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, каналдарды жаңғыртудың негізгі мақсаты – су тасымалдау кезіндегі шығынды азайту және су ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасау. Осы жұмыстар аясында бірқатар нысанда судың көлемін нақты есептеуге мүмкіндік беретін автоматтандыру жүйелері де енгізіліп жатыр.

Каналдардағы су шығыны азаяды

Ирригация желілерін реконструкциялау ауыл шаруашылығындағы суару жүйесін жақсартуға бағытталған. Каналдарды жөндеу арқылы судың жол-жөнекей ысырап болуын азайтып, оны егіс алқаптарына тиімді жеткізу көзделген.

Сондай-ақ жаңғыртылып жатқан нысандарға автоматтандыру элементтері орнатылып жатыр. Бұл су көлемін нақты есептеп, оны бөлу мен пайдалануды бақылауға мүмкіндік береді.

«Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту су ресурстарын үнемдеуге ықпал етеді. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басым бөлігі шоғырланған оңтүстік өңірлер үшін маңызды», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

Оның айтуынша, реконструкцияланып жатқан нысандарда судың есебін нақты жүргізу үшін автоматтандыру жүйелері енгізіліп жатыр.

Бес су қоймасы салынып жатыр

Каналдарды жаңғыртумен қатар, елде басқа да су шаруашылығы нысандарының құрылысы мен реконструкциясы жүргізілуде. Атап айтқанда:

  • 12 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау;
  • жалпы сыйымдылығы 887 миллион текше метр болатын бес су қоймасын салу;
  • 142 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған 12 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған.

Бұл жобалар суару жүйесін жақсартумен қатар, су ресурстарын жинақтау және елді мекендерді ауыз сумен қамту мәселелерін шешуге бағытталған.

Тағы да оқыңыз: Ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған 10 су жобасының құрылысы қайта жанданды

Сондай-ақ оқыңыз