Теңгенің 33 жылы: ҰБ төрағалары тұсында теңге бағамы қалай өзгерді (инфографика)

15 қарашада теңгенің айналымға енгеніне 33 жыл толады. Осы жылдары төл валюта алғашқы құнсыздануды да, нығайған кезеңдерді де бастан өткеріп, бағамды қатаң бақылаудан еркін өзгермелі режимге дейінгі жолдан өтті. Бұл өзгерістердің бел ортасында Ұлттық банк тұрды. Бас банкті осы уақыт ішінде 11 адам басқарды, Григорий Марченко бұл қызметке екі рет келді. Бір төраға ұлттық валютаны енгізсе, екіншісі жоғары инфляциямен, үшіншісі әлемдік дағдарыспен бетпе-бет келді. Kursiv.Media теңгенің әр басшы тұсында қалай өзгергенін және ел жадында қалған девальвациялардың қандай жағдайда болғанын саралады.
Теңгенің тарихын доллар бағамының өсуімен ғана баяндау оңай. Алғашқы жылдардағы бірнеше теңгені бүгінгі жүздеген теңгемен салыстырудың өзі әсерлі көрінеді. Бірақ мұндай салыстыру маңызды бір сұрақты ашық қалдырады: ұлттық валюта неліктен әлсіреді және оны тұрақтандырудың тәсілі қалай өзгерді?
Бұл сұраққа жауап іздеу үшін Ұлттық банк төрағаларының қызметке келген және кеткен күндеріндегі ресми бағамдарды салыстырдық. Есепке жылдық орташа көрсеткіштер немесе айырбастау орындарындағы бағалар емес, нақты күндері күшінде болған ресми бағам алынды.
Алайда бұл төрағалардың кәсіби рейтингі емес. Бағамға реттеушінің шешімімен бірге мұнай бағасы, сыртқы сауда, капитал қозғалысы, бюджет шығыстары және халықтың валютаға сұранысы әсер етеді. Әр басшыға тиген экономикалық жағдай да, олардың қызмет мерзімі де әртүрлі.
Ұлттық банктің 11 төрағасы, 12 қызмет кезеңі. Бағам — 1 АҚШ долларына шаққандағы теңге. Пайыз – теңге бағамының өзгерісін көрсетеді.
Дерек: Қазақстан Ұлттық банкі · Бағамдар мұрағаты · Нақты күнгі ресми бағам. Портреттер фотолар негізінде көркем өңделген.
Алғашқы жылдары теңге 11 есе құнсызданды
Теңге 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енді. Қазақстан өз валютасына сүйенген дербес ақша-кредит саясатын жүргізуге жол ашты. Алайда төл ақшаның келуі өндірістегі құлдырауды, үзілген шаруашылық байланыстарды, шарықтаған бағаны бір күнде тоқтата алмады.
Ұлттық банкті сол кезде Ғалым Байназаров басқарды. Оның есімі теңгені енгізумен тарихта қалды. Бірақ жаңа валюта алғашқы апталарында-ақ экономикалық қиындықтың салмағын сезінді.
Ресми мұрағаттағы алғашқы жазба бойынша, 1993 жылғы 18 қарашада доллар 4,704 теңге тұрған. Байназаров қызметтен кеткен 20 желтоқсанда бағам 5,75 теңге болды. Осы аралықта теңге 18,19 пайызға құлдырады. Есеп теңге енгізілген 15 қарашадан емес, мұрағаттағы алғашқы қолжетімді күннен басталады.
Ұлттық банк басшылығын Дәулет Сембаев басқарған кезең – Ұлттық валюта үшін ең ауыр жылдар. Ол қызметке келген 1993 жылғы 20 желтоқсанда доллар 5,75 теңге болса, 1996 жылғы 10 қаңтарда 64,10 теңгеге жетті. Доллар 11,15 есе қымбаттап, теңгенің доллармен құны 91,03% азайды. Зерттелген қызмет кезеңдерінің басы мен соңын салыстырғанда, ең үлкен салыстырмалы құнсыздану осы тұсқа келеді.
Бұл кейінгі бір күндік девальвациялардан өзгеше құбылыс еді. Құнсыздану жоғары инфляция мен өтпелі экономиканың дағдарысы аясында өтті. Сондықтан «теңге алғаш рет 1999 жылы әлсіреді» деу дәл емес: оған дейін-ақ төл ақша талай сыннан өтіп үлгерген.
1999 жыл: сырттан соққан дауыл
Ораз Жандосов тұсында теңгенің әлсіреу қарқыны бәсеңдеді. 1996 жылғы 10 қаңтардағы 64,10 теңгелік доллар 1998 жылғы 20 ақпанда 76,40 теңге болды. Осы кезеңде теңгенің доллармен құны 16,10% төмендеді.
Салыстырмалы тыныштық ұзаққа созылмады. Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін, 1998 жылы Ресейде дағдарыс басталып, рубль күрт әлсіреді. Көрші елдегі күйзелістің толқыны Қазақстанға да жетті: Ресей тауарлары салыстырмалы түрде арзандап, отандық өндірушілерге қысым күшейді. Шикізат нарығындағы қолайсыз жағдай валюталық түсімді шектеді.
Ұлттық банкті бұл кезде Қадыржан Дәмітов басқарды. Ол қызметке келген 1998 жылғы 23 ақпанда доллар 76,40 теңге еді. 1999 жылғы сәуірде өзгермелі бағамға көшу жарияланды. Дәмітов қызметтен кеткен 13 қазанда ресми бағам 141 теңге болды.
Оның төрағалығы кезінде теңге 45,82 пайызға әлсіреді. Бұл – сәуірдегі бір күннің емес, бүкіл қызмет мерзімінің нәтижесі.
1999 жыл бұрынғы бағамды ұстап тұрудың да өз бағасы барын көрсетті. Дегенмен өзгермелі бағамға көшу реттеушінің нарықтан біржола кеткенін білдірмеді: Ұлттық банктің бағамға араласу тәжірибесі кейін де жалғасты.
Теңге нығайған жылдар да болды
Григорий Марченконың бірінші мерзімінде бастапқы және соңғы бағамның айырмасы шамалы: 1999 жылғы қазандағы 141 теңгеден 2004 жылғы 6 қаңтардағы 142,91 теңгеге дейін. Теңгенің таза құнсыздануы – 1,34%.
Алайда осы екі нүктенің арасында доллар алдымен қымбаттап, кейін қайта арзандаған. Демек кезеңнің басы мен соңындағы сан оның ішіндегі бүкіл қозғалысты ашып бере алмайды.
Әнуар Сәйденов тұсында бағыт өзгерді. Ол қызметке келген 2004 жылғы 26 қаңтарда доллар 139,71 теңге, 2009 жылғы 21 қаңтарда 121,30 теңге тұрған. Осы аралықта теңге 15,18 пайызға нығайды.
Мұнай экспорты мен валюталық түсім молайған жылдар ұлттық ақшаға қолайлы жағдай туғызды. Теңгенің тарихы үздіксіз әлсіреуден ғана тұрмайтыны осы кезеңнен көрінеді.
Бірақ 2007 жылдан халықаралық қаржы нарығындағы ахуал нашарлады. Қазақстан банктерінің сырттан қаражат тартуы қиындап, кейін әлемдік дағдарыс тереңдеді. Мұнай арзандады. Бағамның сырттай тұрақтылығын сақтау барған сайын қымбатқа түсті.
Ұлттық банктің шолуында 2008 жылғы қазаннан 2009 жылғы қаңтарға дейін валютаны таза сату көлемі шамамен 6 млрд доллар болғаны көрсетіледі. Бағам тақтасындағы тыныштықтың артында осындай резерв шығыны тұрды.
Марченконың екінші оралуы және ақпандағы девальвация
Марченко Ұлттық банкке 2009 жылғы 21 қаңтарда қайта келді. Сол күнгі ресми доллар бағамы 121,30 теңге еді. Көп ұзамай, 4 ақпанда, реттеуші бұрынғы бағамды қолдаудан бас тартып, доллар үшін 150 (±5) теңгелік жаңа дәліз белгіледі.
Шешім әлемдік дағдарыс тереңдеп, мұнай арзандап, резервтерге қысым күшейген жағдайда қабылданды. Бұрынғы деңгейді сақтаудың орнына жаңа меже таңдалды.
Марченконың екінші мерзімі аяқталған 2013 жылғы 1 қазанда доллар 153,81 теңге болды. Осы кезеңде теңге 21,14 паызға төмендеді.
Сондықтан оның екі мерзімін бір көрсеткішке біріктіру маңызды айырмашылықты жояды: бірінші кезеңнің бастапқы және соңғы бағамдары жақын болса, екіншісінде ірі девальвация болды.
2014–2015 жылдар: дәлізден шыққан теңге
Қайрат Келімбетов қызметке келген 2013 жылғы 1 қазанда доллар 153,81 теңге тұрған. 2014 жылғы 11 ақпанда Ұлттық банк бұрынғы бағамды қолдаудан бас тартып, 185 (±3) теңгелік дәліз жариялады. Бағамды белгілі бір шекте ұстау қағидаты сақталды, тек бұрынғы деңгейдің орнына жаңасы белгіленді.
Ал 2015 жылғы 20 тамыздағы шешімнің ауқымы кеңірек еді. Үкімет пен Ұлттық банк валюталық дәлізді жойып, еркін өзгермелі бағам мен инфляциялық таргеттеуге көшетінін жариялады.
Ресми түсіндірмеде мұнай мен басқа шикізат бағасының төмендеуі, негізгі сауда серіктестері валюталарының әлсіреуі аталды. Саясаттың басты бағдары долларды бір деңгейде ұстап тұрудан баға тұрақтылығына ұмтылуға ауысты.
Келімбетов қызметтен кеткен 2015 жылғы 2 қарашада қолданыстағы ресми бағам 279,18 теңге еді. Оның кезеңінде ұлттық валютаның құнсыздануы 44,91 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы девальвацияны да, 2015 жылғы бағам режимінің ауысуын да қамтиды.
Еркін бағам дәуірі: пандемиядан геосаяси күйзеліске дейін
Данияр Ақышев Ұлттық банкке 2015 жылғы 2 қарашада келді. Сондықтан тамыздағы еркін бағамға көшу шешімін оның төрағалығына жатқызу дұрыс емес. Ақышевтің тұсында нарық жаңа тәртіпке бейімделді.
Оның қызметі аяқталған 2019 жылғы 25 ақпанда доллардың ресми бағамы 376,73 теңге болды. Бастапқы күнмен салыстырғанда теңгенің долларға құнсыздануы 25,89 пайыз.
Ерболат Досаев дәл сол күні тағайындалды. Демек 376,73 теңге – жуықталған көрсеткіш емес, оның қызметке келген күні күшінде болған ресми бағам деп алдық.
Досаев қызметтен кеткен 2022 жылғы 31 қаңтарда доллар 433,83 теңге болды. Оның кезеңіндегі таза құнсыздану – 13,16%. Осы аралыққа коронавирус пандемиясы мен 2020 жылғы мұнай нарығындағы күйзеліс келді.
Ғалымжан Пірматовтың мерзімі 2022 жылғы 3 ақпандағы 434,11 теңгеден басталып, 2023 жылғы 3 қыркүйектегі 456,39 теңгемен аяқталды. Теңгенің құнсыздануы 4,88 пайыз болды.
Бұл салыстырмалы шағын пайыз сол кезеңнің тыныш өткенін білдірмейді. Ресейдің Украинаға басып кіруі, санкциялар және рубльдегі күрт қозғалыстар Қазақстан валюта нарығындағы белгісіздікті күшейтті. Екі күннің арасындағы айырма аралықтағы күйзелістің ауқымын толық көрсетпейді.
Тимур Сүлейменов келген 2023 жылғы 4 қыркүйекте доллар 456,39 теңге болды. Осы материалдағы есептің шекті күні – 2026 жылғы 5 қарашада бағам 452,91 теңгені құрады. Екі күнді салыстырғанда теңге 0,77 пайызға нығайды.
Бұл аяқталмаған қызмет мерзімінің көрсеткіші. Оны толық төрағалық кезеңнің немесе 2026 жылдың қорытындысы деп ұсынуға болмайды.
Бағамның ар жағында халықтың тұрмысы тұр
Теңгенің жолын төрағалардың ауысуымен байланыстыру хронологияны түсінуге көмектеседі. Бірақ валютаның тағдырын бір адамның атымен түсіндіру жеткіліксіз.
Бір басшыға жоғары инфляция кезеңі, екіншісіне мұнай қымбаттаған жылдар, үшіншісіне әлемдік дағдарыс пен соғыс салдары тиді. Қызмет мерзімдерінің ұзақтығы да әртүрлі. Сондықтан бұл салыстыруды төрағалардың кәсіби рейтингі ретінде қабылдауға болмайды.
Ал азамат үшін бағамның мәні күнделікті тіршіліктен көрінеді. Ол дүкендегі баға, жинаған қаражат, баласының оқуына немесе баспанаға деп сақтаған ақша. Доллар бағамы өзгермесе де, тауар қымбаттаса, қалта жұқарады.
Теңгенің беріктігі де валюта тақтасындағы санмен ғана өлшенбейді. Ол еңбекақының сатып алу қабілетінен, жинақтың сақталуынан, ертеңгі шығынды бүгін жоспарлай алу мүмкіндігінен сезіледі. Төл ақшаның қадірі азаматтың еңбегінің құнымен бірге артқанда ғана оның тұрақтылығы тұрмыстан көрінеді.