Жүргізуші куәлігін алмақ болғандардың көбі алғашқы сынақтан өте алмаған

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға дайындалып жүргендердің жартысына жуығы жол ережелері бойынша сынақ емтиханын бір-екі рет тапсырып, кейін дайындықты тоқтатқан. Ал өту балын жинағандарға көбіне екі-үш әрекет жеткілікті болған. Бұл қорытынды жүргізуші куәлігіне дайындалатындарға арналған онлайн тест нәтижелеріне негізделген.
Оқушылардың жартысы алғашқы сынақтан кейін тоқтаған
BaurAI жариялаған 2026 жылғы жол қозғалысы ережелері (ЖҚЕ) емтиханын тапсыру индексіне сәйкес, 14 тамыз бен 5 қараша аралығында 975 оқушы 3 566 сынақ емтиханын тапсырған. Олардың 500-і, яғни 51,3%-ы бір рет тест тапсырумен шектелген. Тағы 463 адам бір-екі рет сынақтан өтіп, қажетті балды жинай алмаған соң кемінде бір апта бойы қайта тест тапсырмаған.
Алғашқы сынақтағы орташа нәтиже – 40 балдың 21-і. Емтиханнан өту үшін кемінде 32 дұрыс жауап қажет. Бұл межеге алғашқы әрекеттен-ақ қатысушылардың тек 6,5%-ы жеткен.
Индексті әзірлеген ЖҚЕ тренажерінің авторы Бауыржан Бакибаевтың айтуынша, негізгі мәселе емтиханның күрделілігінде емес, оқушылардың дайындықты ерте тоқтатуында.
«Деректердегі ең маңызды көрсеткіш – оқушылардың жартысы алғашқы сынақ емтиханынан кейін дайындықты тоқтатады. Ал қажетті балды жинағандарға көбіне екі әрекет жеткілікті болған. Оқушыға емтиханның қиындығы емес, дайындықты тым ерте тоқтатуы кедергі келтіреді», – дейді ол.
Қай тақырыптардан жиі қателеседі
Талдау барысында оқушылардың орта есеппен 34,7% жағдайда қате жіберетіні белгілі болды. Ең қиын тақырып – көліктің техникалық ақаулары мен оны пайдалануға рұқсат беру талаптары. Бұл бөлімдегі сұрақтардың 39,5%-ына қате жауап берілген.
Сондай-ақ тоқтау және тұраққа қою, жол белгілері тақырыптарынан қатысушылардың 37%-ы қателескен. Қиылыстардан өтуге қатысты сұрақтар да оңай болмаған: қате жауаптардың үлесі – 36,8%.
Ал ең қиын жеке сұрақ тіркемесі бар көліктің рұқсат етілген ең жоғары жылдамдығына қатысты болған. Оған қатысушылардың 61%-ы дұрыс жауап бере алмаған.
Қайталап тапсырған сайын нәтиже жақсарған
Деректерге сәйкес, қажетті 32 балды жинаған 150 оқушының 70%-ы бұл межеге үшінші әрекетке дейін жеткен. Ал бес немесе одан көп рет сынақ тапсырғандар арасында қателердің үлесі бірқатар тақырып бойынша азайған.
Мысалы, «Магистраль және тұрғын аймақ» тақырыбындағы қате жауаптар үлесі 37,3%-дан 24,9%-ға, ал «Жауапкершілік және айыппұлдар» бөлімінде 40,2%-дан 29%-ға төмендеген.
Дегенмен автор деректерді бағалағанда бір жайтты ескеру керегін айтады, бес және одан көп рет тест тапсырғандар бастапқыда-ақ орташа көрсеткіштен жақсы нәтиже көрсеткен. Сондықтан үлгерімнің жақсаруы тек қайталап дайындалудың әсері деп айтуға болмайды.
9 қазаннан кейін сынақ саны артқан
9 қазаннан бастап ақылы қайта тапсыру мүмкіндігі енгізілген. Осы өзгерістен кейін күнделікті сынақ емтихандарының саны шамамен 25-тен 80-ге дейін өскен. Ал күн сайын жаңа қосылатын оқушылар саны екі есе артқан.
Бір оқушыға шаққандағы сынақ саны да 2,86-дан 3,70-ке көбейген. Өту балын жинаған емтихандардың үлесі 16,2%-дан 32,3%-ға жеткен.
Алайда зерттеу авторы бұл өсімді тек ақылы қайта тапсыру тәртібімен байланыстыруға болмайтынын ескертеді. Себебі тренажер аудиториясы қыркүйек айынан бастап-ақ ұлғайған.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандықтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды онлайн тапсыруы мүмкін