«Салтанат заңы»: екі жылда әйелдерге көрсетілген қылмысты жазалау қалай өзгерді 

Жарияланды
«Салтанат заңы» енгізілген екі жылда не өзгерді/ www.instagram.com/aitbekamangeldi

Бүгін Салтанат Нүкенованың қайтыс болғанына екі жыл толды. Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың өз әйелін зорлықпен өлтіруі ел ішінде ғана емес, шетелде де қызу талқыланды. Осы оқиғадан кейін елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза күшейтілді. Қоғамда ол «Салтанат заңы» деп аталып кетті.

Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желідегі жазбасында отбасы үшін 9 және 11 қараша күндері ерекше ауыр екенін жеткізді. Оның айтуынша, жақындары бұл күндерді тек қайғымен байланыстырып қоймай, жаңа естеліктер қалыптастыруға тырысып жүр.

«9 және 11 қараша біз үшін өте ауыр күндерге айналды. Бірақ алда әлі талай жыл бар. Отбасымыздың жыл сайын осы күндері қара жамылып отырғанын қаламаймын. Сондықтан бұл күндерде жаңа естеліктер қалыптастыруды бастағым келеді», – деп жазды ол.

Айтбек Амангелдінің сөзінше, 8 қараша – Салтанаттың жақындарымен бірге өткізген соңғы күні. Сондықтан отбасы бұл күнді оның өмірінің соңғы күні ретінде еске алып, гүл апарған.

Ол сондай-ақ қайғылы күндер жақындаған сайын отбасы мүшелері ұйқысыздық пен көз жасына толы ауыр кезеңді бастан өткеретінін атап өтті. Дегенмен осы жағдай өмірдің қадірін тереңірек түсінуге де себеп болған.

«Бұл күндері өмір сүргің келетін құлшыныс ерекше сезіледі. Өмірдің қаншалықты нәзік әрі болжай алмайтын дүние екенін түсінесің. Тыныс алудың өзі ауыр, бірақ сол күндерден кейін де жаңа күндер туады», – деп жазды ол.

Заң қабылдау – алғашқы қадам ғана 

Осы орайда KursivMedia тілшісі заң қатаңдатылғалы не өзгергені, мәселе төңірегінде тағы қандай түйіткіл бары туралы заңгер, Human Rights Lawyers қорының басшысы Ләззат Рақышевамен сөйлесіп көрді.

«Салтанат Нүкенованың ісі қоғам мен құқық қорғау органдары үшін үлкен қоғамдық әрі құқықтық сабақ болды. Бұл оқиға тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне, кейбір жағдайларда мемлекеттік органдардың әрекетсіздігіне және жәбірленушілерді дер кезінде қорғау қажеттігіне қоғам назарын аударды. Аталған оқиғадан кейін заңнамаға да маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әрекеттері қайтадан қылмыстық жауапкершілік санатына жатқызылды. Сонымен қатар қайталанған құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді», – дейді заңгер. 

Заңгер Ләззат Рақышева/ жеке мұрағат

Алайда маман атағандай, профилактикалық жұмыстар толық шешімін тапты деп айтуға әлі ерте. Себебі заң қабылдау алғашқы қадам ғана. 

«Ең бастысы – оның іс жүзінде орындалуы, зорлық-зомбылықтың алдын алу, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтау және жәбірленушілерді уақытылы қорғау. Бұл бағытта әлі де істелетін жұмыс көп. Мәселен, биыл қыркүйек және қазан айларында орталығымызға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты көптеген өтініш түсті. Қазіргі уақытта Human Rights Lawyers орталығы азаматтардың құқықтарын қорғау және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл бастамалар әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен іске асып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып келеміз. Себебі азаматтардан түсетін өтініштер әлі де көп», – дейді Рақышева. 

Резонанс туындаған кезде ғана іс қозғалады 

Оның айтуынша, қоғамда резонанс тудырған оқиғалардан кейін ғана тиісті органдар қозғала бастайды. 

«Әрине, барлық жағдайды бірдей жүйеге жатқыза алмаймын. Кейбір мәселелер бойынша тиісті жұмыстар дер кезінде жүргізіліп жатады. Дегенмен, өкінішке қарай, шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп. Мәселен, полиция қызметкерлерінің кейбір жағдайда тиісті шара қолданбауы, жәбірленушілердің арызын қабылдамауы немесе өтініштеріне немқұрайлы қарауы сияқты мәселелер кездеседі. Бізге көмек сұрап келген азаматтар да осындай жағдайларды жиі айтып жатады. Кейбір жәбірленушілер тіпті отбасындағы жағдайды сыртқа шығаруға қорқады. Себебі балаларының тағдырын ойлап, отбасын сақтап қалуға тырысады. Алайда зорлық-зомбылыққа көз жұма қарау мәселені шешпейді», – дейді заңгер. 

Маман атағандай, заңнамада да белгілі бір оң өзгерістер бар. Қазір құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарламаларға көбірек көңіл бөліп, мұндай жағдайларды мұқият тексеруге міндетті. Бұрын кейбір оқиғалар отбасылық жанжал ретінде ғана қарастырылып, тиісті деңгейде бағаланбай қалатын.

«Органдардың немқұрайлы болуынан қаншама әйелдің өмірі қиылды. Мәселен, Ақтөбеде бір аптаның ішінде бірнеше әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Олардың арасында күйеуі немесе жақын адамы тарапынан күш көрсетілген әйелдер де бар. Сондықтан мұндай жағдайларды жай ғана отбасылық мәселе деп қарастыруға болмайды. Сталкинг мәселесін де назардан тыс қалдырмауымыз керек», – дейді ол.

Мысалы, Нұрай Серікбайдың оқиғасы осы мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бір отбасының ғана мәселесі емес, тұтас қоғамның мәселесі.

«Егер біз оған көз жұма қарайтын болсақ, қоғамдағы жағдайды өзгерте алмаймыз. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай деп қабылдайтын адамдар бар. Бұған қоса, жауапкершіліктің жеткіліксіздігі мен құқық қорғау органдары тарапынан немқұрайлылық та мәселені күрделендіріп отыр. Мен бұл жағдайларды тәжірибемде талай рет көрдім», – дейді ол.

Заңгердің айтуынша, елімізде жәбірленушілерді қорғаудың бірнеше тетігі қарастырылған. Соның бірі – қорғау нұсқамасы. Ол азаматты қорқытып-үркіту, аңду, өлтіремін немесе зиян келтіремін деп қоқан-лоқы көрсету, мазасын алу сияқты әрекеттерден қорғауға бағытталған.

Қорғау нұсқамасы шығарылған жағдайда құқық бұзушыға бірқатар шектеу қойылады. Оны бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар жәбірленушілерге психологиялық және заңгерлік көмек көрсету тетіктері де бар.

«Қазақстанда 161 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Біз осы орталықтармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасап, еліміздің әр өңіріндегі азаматтарға көмек көрсетуге мүмкіндік алдық. Мәселен, Маңғыстау облысымен бесжақты, Алматы қаласында тоғызжақты меморандумға қол қойдық. Сондай-ақ Алматы облысындағы отбасын қолдау және дағдарыс орталықтарымен, полиция, әділет департаменттерімен және әкімдікпен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл ретте Маңғыстау облысындағы әріптестеріміздің жедел әрекетін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, дағдарыс орталықтары, әйелдер мен балаларға көмек көрсететін 111 байланыс орталығының жұмысы маңызды. Қажет болған жағдайда азаматтарға осы нөмірге хабарласуға кеңес береміз. Дегенмен, жәбірленушілерді қорғау бағытында әлі де  жұмыс көп», – дейді ол.

Заңды әлі де жетілдіру керек

Заңгердің айтуынша, соңғы 10 жылдағы жағдайды алатын болсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әрекет ету бірталай жақсарған. 

«Өз тәжірибемді соңғы он жылмен салыстыратын болсам, белгілі бір өзгерістер бар екенін байқаймын. Бұрын жәбірленушілердің арыз-шағымына мұндай деңгейде жедел әрекет ету тәжірибесі кең таралмаған еді. Қазір кейбір жағдайларда полиция қызметкерлері хабар түскен бойда оқиға орнына барып, тиісті шараларды қабылдайды. Алайда ең маңыздысы – жәбірленуші арыз бергеннен кейін оны құқық бұзушымен бетпе-бет қалдырмау. Қорғау шаралары қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де орындалуы керек. Қабылданған өзгерістерге қарамастан, заңнаманы одан әрі жетілдіруді қажет ететін мәселелер бар деп есептеймін. Қылмыстық кодексте тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке қылмыс құрамы ретінде әлі де нақты бекітілмеген. Сондықтан зорлық-зомбылықтың жүйелі түрде жасалатын түрлеріне, оның салдарына қарамастан, дер кезінде құқықтық баға беру тетіктерін жетілдіру қажет», – дейді заңгер. 

Оның пікірінше, қайталанатын зорлық-зомбылықтан қорғау шараларын күшейту маңызды. Себебі кейбір агрессорлар уақытша қамаудан қорықпайды. Сондықтан тек жазалау шараларымен шектелмей, зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Бұл ретте агрессорлармен жұмыс істейтін арнайы орталықтардың санын арттыру қажет.

«Психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды қорғау тетіктерін күшейту керек. Мәселен, әйелді жұмысқа жібермеу, қаржылай тәуелді ету, кемсіту, қорлау, ар-намысына тию сияқты әрекеттер де зорлық-зомбылықтың бір түрі. Алайда мұндай жағдайларды дәлелдеу мен құқықтық тұрғыда бағалау әлі де күрделі. Дағдарыс орталықтарының қолжетімділігін арттыру қажет. Зардап шеккен әйелдерге тегін заңгерлік, психологиялық көмек көрсету және уақытша баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Өйткені барлық өңірде мұндай қызметтер бірдей қолжетімді емес. Тағы бір маңызды мәселе – отбасындағы зорлық-зомбылықтың балаларға тигізетін зардабы. Анасына күш көрсетілген ортада өскен баланың психологиялық жағдайы да ескерілуі тиіс. Сондықтан мұндай отбасылармен жұмыс жүргізгенде балалардың қауіпсіздігі мен болашағы бірінші кезекте тұруы керек», – дейді Ләззат Рақышева. 

Ләззат Рақышеваның айтуынша, Қуандық Бишімбаевтың ісі қоғамда резонанс тудырған сот процесі ретінде ғана қалып қоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа деген көзқарасты өзгертуге түрткі болуы керек.

«Адам құқықтарын қорғауда мемлекеттің тиімділігі қабылданған заңдар мен шығарылған қорғану шараларының санымен емес, сол шаралардың азаматтардың өмірін қаншалықты сақтап, олардың қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін нақты қорғай алуымен өлшенеді», – деді ол.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама күшейтілгеннен кейінгі екі жылда Қазақстанда 150 әйел күйеуі немесе бірге тұратын ер адамның қолынан қаза тапқан. Бұл дерек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлі де өзекті әрі қоғам үшін қауіпті мәселе болып отырғанын көрсетеді.  

Сондай-ақ оқыңыз