ШҚО-да ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға 3,6 млрд теңге бөлінеді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Шығыс Қазақстанда ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға 3,6 млрд теңге бөлінеді
ШҚО-да ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға 3,6 млрд теңге бөлінеді / Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігі шалғайдағы ауылды елді мекендерді ветеринариялық қызметтермен қамтуға ерекше көңіл бөліп отыр. Шығыс Қазақстан облысында 2026–2027 жылдары жалпы құны 3 млрд 633 млн теңгелік 131 ветеринариялық нысан салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Атап айтқанда, 7 ветеринариялық станция, 70 ветеринариялық пункт және 54 мал қорымын салу көзделген. Осы мақсатқа биылғы жылы 60 нысанның құрылысына 1 млрд 662,5 млн теңге, ал келесі жылы тағы 71 нысан салуға 1 млрд 970,5 млн теңге қарастырылған.

Нысандар өңірдің аумақтық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып орналастырылады.

Ветеринариялық станциялар аудан орталықтарында, ал ветеринариялық пункттер ауылдық округтерде салынады.

Бұл ветеринариялық қызметтерді тікелей мал шаруашылығы субъектілеріне жақындатуға, өтініштерге жедел ден қоюға, профилактикалық тексерулер мен диагностикалық зерттеулерді, сондай-ақ эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізуге жол ашады.

Бүгінгі таңда жоспарланған 32 ветеринариялық пункттің 16-сының құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар көзделген 25 мал қорымының 12-сінде құрылыс жұмыстары аяқталған.

Сондай-ақ оқыңыз