Мәскеуден ұшқан SCAT ұшағы шұғыл түрде Астанаға қонды

Мәскеуден Алматыға бағыт алған SCAT әуе компаниясының ұшағы шұғыл түрде Астана әуежайына қонуға мәжбүр болды деп жазады Kursiv Media.
Рейс жолаушыларының бірі Threads желісінде ұшақтың шұғыл қонғанын жазды. Оның айтуынша, жолаушылар қатты қорқып қалған. Ал ұшақ жерге қонғаннан кейін ұзақ уақытқа дейін оқиғаның мән-жайы түсіндірілмеген.
«Бортта бәріміз қатты қорықтық. Әрине, бұл аяқт астынан болған жағдай екенін түсінеміз. Бірақ неге жолаушыларға тіпті су да ұсынбады? Біз наразылық білдіргенге дейін қорқып, абдырап қалған адамдарды сусыз, тамақсыз және ең бастысы, ешқандай ақпарат бермей күттірді», – деп жазды жолаушы.
Оның сөзінше, ұшақтағы адамдар төрт сағатқа дейін ас-сусыз отырған, келесі рейс қашан болатыны жайлы да хабарламаған.
SCAT әуе компаниясы ұшақтың шұғыл қонғанын растады және жолаушылардан кешірім сұрады. Компанияның түсіндіруінше, ауызсуды жеткізу мәселесін бөлек ұйымдастыруға тура келген. Сондықтан жолаушылар біраз уақыт күтуге мәжбүр болған.
Әзірге әуе компаниясы ұшақтың шұғыл қонуына не себеп болғанын хабарлаған жоқ.
Оқи отырыңыз: SCAT әуе компаниясының президенті бір жылда 335 млн теңге сыйақы алған