Disney мен Pixar-дың 13 фильмі қазақша дыбысталды: Тоқаевқа қандай жоба таныстырылды

Қазақстанда қазақ тіліндегі мәтіндердің көлемі 14 млрд токенге жететін корпусы қалыптасты. Сонымен қатар 12 мың сағат аудиожазба жинақталған. Бұл туралы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ақорда мәліметінше, бұл жұмыстар OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында жүзеге асырылып жатыр.
Қазақ тіліндегі фильмдер де көбейіп келеді
Кездесу барысында Рауан Кенжеханұлы соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тіліне дубляждалып, үлкен экранға шыққанын айтты.
Сондай-ақ ол қазақ тілін қолдауға бағытталған Qazaq Tili Endowment қорының жұмысы туралы баяндады. Қазір қорға түскен жарна көлемі 824 млн теңгеге жеткен.
Президент жасанды интеллектіні пайдалануды тапсырды
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша мазмұнды көбейту және жаңа технологиялар арқылы тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет басшысы қоғамның қызметіне жоғары баға беріп, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйрету және ғылыми еңбектерді аудару кезінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті.